Ат мініп қызметінен босатылған бастықтың әскери атағы өзінде қалды

0
1 590

Ол қызметінен босатылды. Бірақ, жұмыстан шығарылған жоқ.


Ат мініп қызметінен босатылған бастықтың әскери атағы өзінде қалды

ERNUR.KZ. Атқа мініп, атақ алғанын атап өткен Атырау облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Аян Дүйсенбаев құқық қорғау органы саласында еңбек ете ала ма? Бұл сұраққа Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ол қызметінен босатылды. Бірақ, жұмыстан шығарылған жоқ. Жазалаудың бірнеше түрі бар. Ол жазалардың бірі - бастық қызметінен босатылғанымен, төмендетілген тәртіпте жұмыста бола алады. Екіншіден, әскери атағы бойынша төмендету де бар. Заң бойынша, егер белгілі бір әскери бастықты әскери атағынан айырар болса - ол жаза бар-жоғы алты ай күшінде болады. Яғни, алты айдан кейін атағы оған қайтарылар еді. Алайда біз қатаңдау - қызметінен босату жазасын бердік. Ол бұдан әрі резервте болмайды. ІІМ-нің қарауында болады. Қызметінен босатылған кез келген офицер бұрынғыдан төменгі лауазымға тағайындалғанға дейін ІІМ-нің қарауында жүреді», - дейді Алексей Калайчиди ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілерге.

Оның айтуынша, әскери атақ офицерден тек қылмыс жасаған кезде немесе жемқорлық қылмысына барған жағдайда тартып алынады. Алексей Калайчиди бұдан бұрын Полиция департаментінің бұрынғы бастығы полиция генерал-майоры шенін алуына орай ұйымдастырылған шараға қатысқанын мәлім еткен еді.

Еске сала кетсек, ҚР Ішкі істер министрлігі осы оқиға бойынша бұдан бұрын түсініктеме берген еді. Ал, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облыстық ПД бастығының әрекетін тексеруді тапсырған болатын.