Аттестаттаудан өткен педагогтің жалақысына қанша үстемақы қосылатыны белгілі болды

0
1 229

Педагогтер аттестаттаудан 5 жылда 1 рет, білім беру ұйымдарының басшылары 3 жылда 1 рет өтеді.


Аттестаттаудан өткен педагогтің жалақысына қанша үстемақы қосылатыны белгілі болды

ERNUR.KZ. Биыл педагогттерді аттестаттау 3 кезеңмен өтеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Педагогтерді аттестаттау ерекше санитарлық нормаларды сақтау талабымен өтеді. Жалпы, кабинеттердің барлығында әрбір педагогтің арасындағы 2 метрлік арақашықтық сақталатын болады. Сонымен қатар әрбір педагог маска тағады. Аттестаттау өтетін аудиторияларда санитайзерлер мен сенсор термометр болуы талап етіледі. Педагогтерді аттестаттау министрліктің 2 бұйрығымен белгіленген. Ол - педагогтердің барлығына таныс 83-ші бұйрық пен педагогтердің біліктілік санаттарын беру және растау қағидалары», - деді Майра Мелдебекова.

Оның айтуынша, аттестаттау 3 кезеңмен өтеді. Бірінші кезеңде Ұлттық біліктілік тестін тапсырады. Екінші кезекте біліктілік бағалау жүргізіледі. Ал үшінші кезеңде жалпы педагогтің немесе білім беру ұйымы басшысының портфолиосын талдау өткізіледі. Педагогтер аттестаттаудан 5 жылда 1 рет, білім беру ұйымдарының басшылары 3 жылда 1 рет өтеді.

«Биылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері мен басшылары, қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері, методикалық кабинеттердің әдіскерлері, сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері мен басшылары қатысады. Осы үш кезеңді сәтті өткен әрбір педагогтің, сонымен қатар білім беру ұйымы басшысының жалақысына үстемақы төленеді. Басшылар мен олардың орынбасарларына тағайындалған санатына байланысты 30-дан 100 пайызға дейін, педагогтерге 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы қосылады», - деді комитет төрайымы.