Атырау облысында адам өлтіріп алған дәрігерлер сотталды

0
523

Атырау облысында ауруханада науқастың өліміне жол берген дәрігерлер сотталды. Алайда олардың екеуіде рақымшылыққа ілігіп кетті.


Атырау облысында адам өлтіріп алған дәрігерлер сотталды

ERNUR.KZ. Құрманғазы аудандық соты науқасқа дұрыс қарамай, өлтіріп алған дәрігерлерге үкім шығарды, деп жазады exk.kz.

2020 жылдың 29 желтоқсанында Атырау облысы Құрманғазы ауданының 44 жастағы тұрғыны Бекдидар Көргенәлиевің аяғы тоңып, қызуы көтеріліп, аудандық ауруханаға келеді. Дәрігерлер оны рентгенге түсіріп, пневмония (өкпе қабынуы) болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызады. Алайда науқас ауруханада нақты диагноз қойылмағандықтан ем қонбай, қатты қиналады. Тіпті емдеуші дәрігер жаңа жыл мерекесін үйінде қарсы алмақ болып, науқасты қарамайды. Оның үйіне науқастың туыстары іздеп барғанда, дәрігер жұмысына барудан бас тартып, кейін ол полиция қызметкерлерінің араласуымен ғана ауруханаға барып, науқасқа ем-дом жасайды. Алайда Бекдидар Көргенәлиев қажетті емін алмағандықтан, аурухана төсегінде қайтыс болады.

Сот кезінде дәрігерлердің кінәлары толық дәлелденіп, олардың берген анттарына адал болмай, науқасты өлтіріп алғандары дәлелденді.

Құрманғазы аудандық соты екі дәрігерді ҚК 317 (Медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы) бабымен кінәлі деп танып, хирург пен реанимотологты 2 жыл 6 ай мерзімнен бас бостандықтарынан айырып, үш жылға дейін дәрігерлік қызметпен айналысуға тиым салды. Бірақ екеуі іде рақымшылыққа ілігіп кетті.

"Қылмыстық кодекске сәйкес Ш. және Ж.-ның әрекеттері онша ауыр емес қылмыстарға жататындықтан "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңға сәйкес олар бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылды, сот аталған заң нормаларын қолдануға міндетті", — деді судья.

Сондай-ақ сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 8 млн теңге моральдық залал өтемақысы өндірілді. Алайда сот үкімімен жәбірленуші тарап келіспейді. Олар облыстық сотқа шағым түсірмекші.