Пандемия кезінде ауруханаға түскен науқастардың арасында, өкінішке орай, 3,4 пайызы өлім жағдайымен аяқталған.
№2 Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына COVID-19 жұқпасымен түскен науқастардың 96,4 пайызы жазылып шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы №2 Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Жантөре Орысбаева Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте хабарлады.
"Пандемия кезінде ауруханаға түскен науқастардың арасында, өкінішке орай, 3,4 пайызы өлім жағдайымен аяқталды. Қайғылы жағдайдың орын алуы біріншіден, науқастардың дәрігерге кешігіп хабарласқандығы және қосымша созылмалы ауруының асқынуы себеп болды. Ауруханадан сондай-ақ, короновирус жұқпасымен отыз бала, 134 жүкті әйел емделіп шықты. Шұғыл ота төрт әйелге жасалды. Жүкті әйелдердің қосымша ауруларына байланысты эндокринолог, гематолог, кардиолог секілді арнайы дәрігерлерден онлайн кеңес алу арқылы емдедік" - деді Жантөре Орысбаева.
Айта кетейік, бүгінгі күні №2 Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 28 науқас ем алуда. Он науқасқа короновирусты пневмонияның анықталған түрі, қалған емделушіге короновирус типті пневмония диагнозы қойылған. Жағдайлары тұрақты. Екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр.