Атырау облысында халықты сапалы ауыз сумен, көгілдір отынмен, электр желілерімен қамтамасыз ету 99,9%, яғни 713 мыңнан аса адамды қамтиды.
ERNUR.KZ. Бүгінде тұрақты және сапалы қызмет көрсету аясында бірқатар инфрақұрылымдық жоба іске асты. Атап айтқанда, Атырау қаласы мен Мақат тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында №5 сүзгі стансасы қайта жаңғыртылып, су тұтыну көлемі тәулігіне қосымша 50 мың текше метрге артты. Бұл жайында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Бұдан бөлек, жазғы су желісінің 165 шақырымы толық салынды.
«Атырау қаласы мен облыс аудандарында электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. 302 шақырым электр желісі жаңартылды, Нұрсая ықшам ауданындағы 66 шақырым желі заманауи, қауіпсіз кабельдерге ауыстырылды. Сонымен қатар қуаттылығы 32 МВт «Нұрсая–Самал» қосалқы стансасының құрылысы аяқталды. Жүйені автоматтандыру мақсатында 30 дана автоматты қайта қосу құрылғысы орнатылды», – деді өңір басшысы.
Атырау қаласының оң жағалауында сағатына 120 мың текше метр газ тарататын станция мен 46 шақырым магистралды газ құбырының құрылысы аяқталуда. Сонымен қатар «Спутник» шағын ауданына газ беру жұмыстары сәтті аяқталып, нысан іске қосылды. Биыл өңірде 247,9 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-дан 83%-ға дейін өсті. Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін автожол, әуе және теміржолмен тасымалдау салаларында да жаңарту жұмыстары жалғасуда. 90 жаңа автобус сатып алынып, оның 48-і пайдалануға берілді, қалғаны жыл аяғына дейін тұрғындар игілігіне беріледі. Әуе қатынасын дамыту бағытында да маңызды қадамдар жасалды. «Ашық аспан» режимі аясында 6 жаңа бағыт ашылды. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары 10 бағытқа жетеді. Сондай-ақ Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайды жаңғыртуға 2026 жылға 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, Атырау қаласының теміржол вокзалы мен аудандардағы 9 теміржол вокзалы жаңғыртылуда.
Биыл Атырау облысында 27 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде 4 мектеп пайдалануға берілді, 9 мектептің құрылысы жыл аяғына дейін, қалған 14 мектеп 2026 жылы аяқталады. Соңғы үш жылда үш ауысымдық мектеп екі есеге азайды. Сонымен қатар «NAZAR» жобасы аясында қаладағы 64 мектепке 2,5 мың бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұрын әдіскерлер жылына 1500 сабақ бағалай алса, бүгінде бұл көрсеткіш 5 100 сабаққа дейін ұлғайды, бұл білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы 10 жаңа нысан пайдалануға берілсе, 2025 жылдың аяғына дейін тағы 5 нысан тапсырылады. Қосымша 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Өңірде екі заманауи емхана салынуда. Ал, онкодиспансер жанындағы радиологиялық корпус келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл салада атқарылған жұмыстар қан айналымы, туберкулез, қатерлі ісік ауруларының төмендеуіне әсер етті.


