Түйелер жол бойында қараусыз жүргені анықталды.
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
ERNUR.KZ. Атырау облысында ауыр жүк көлігі жол бойында жүрген 9 түйені қағып кетті, деп жазады inform.kz.
Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы кешкі сағат 19:20 шамасында болған.
– Ақтөбе-Атырау-Ресей федерациясының шекарасы бағытындағы тас жолдың 814-шақырымы тұсында жүк көлігі 9 түйені қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы ауылына жақын маңда тіркелді. Түйелер жол бойында қараусыз жүргені анықталды. Әзербайжан Республикасында тіркелген жүк көлігінің жүргізушісі медициналық сараптамадан өткізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес жүргізушінің алкогольдік ішімдік ішпегені белгілі болды. Жол-көлік оқиғасынан жүргізуші жарақат алмады, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына қатысты тиісті іс-құжаттарын жинақтады.
– Көлік жүргізушілеріне тәуліктің барлық кезеңінде жол қозғалысы ережесін сақтап, жылдамдықты шектен асырмауды ескертеміз. Әсіресе, кешкі мезгілде жолда жүргенде қауіпсіздік шарасын қатаң сақтаған жөн. Ал тұрғындар жеке иеліктегі төрт түлікті жол бойына қараусыз жіберуге болмайтынын ескеруі қажет, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.