Атырау облысының дәрігерлері үшін бастапқы жарнасыз тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

0
831

​Арзан ипотека алған ақхалаттылар өзі қызмет ететін мемлекеттік медициналық ұйымда кемінде 5 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі.


Атырау облысының дәрігерлері үшін бастапқы жарнасыз тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Атырау облысының дәрігерлері үшін бастапқы жарнасыз тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Отбасы банк баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дәрігерлерді жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын Атырау облысының әкімдігі Отбасы банкімен бірлесіп қолға алып жатыр. Жуырда тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Оның аясында жергілікті әкімдік 1 млрд теңге қаражат бөлді. Бұл кемінде 40-қа жуық отбасына жеңілдетілген несие беруге мүмкіндік береді.

Бағдарламаға кімдер қатысады

Отбасы банктің ақпаратынша, тұрғын үй бағдарламасына хирург, анестезиолог, реаниматолог, инфекционист, травматолог, невропатолог және басқа да медицина қызметкерлері қатыса алады.
Ең бастысы, олардың барлығы клиникалық тәжірибемен айналысатын, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысқа орналасқан болуға тиіс.
Сондай-ақ олар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының негізгі қызметкерлері болуы шарт.

Бағдарлама шарттары

Дәрігерлерге ипотека жылдық 5% мөлшерлемемен (ЖТСМ 5,2%) беріледі.
Бастапқы жарна қажет емес.
Несиенің ең жоғары сомасы – 25 млн теңге.
Жеңілдетілген несие алған барлық қатысушы жұмыс берушімен келісімшартқа отырып, өзі қызмет ететін мемлекеттік медициналық ұйымда кемінде 5 жыл толық жұмыс күнімен жұмыс істеуге міндеттеледі.

Үміткерлер пулы

Бағдарламаға қатысатын дәрігерлердің тізімін Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы дайындайды.
Ең көп ұпай жинағандар жеңілдетілген заем алуға үміткерлер пулына қосылады. Ұпай санына ғылыми дәрежесі мен жұмыс тәжірибесінің болуы және мамандығы әсер етеді. Мысалы, акушерия, гинекология, анестезиология, реаниматология, травматология, ортопедия сияқты сала мамандарына жоғары ұпай беріледі.
Қатысушылардың тізімі жасалғаннан кейін олардың барлығы Отбасы банкіне қарыз алуға жолдама алады. Банк олардың төлем қабілеттілігін тексеріп, несие береді.
Медицина қызметкерлері баспананы өздері іздейді. Бағдарлама аясында Атырау облысынан және Атырау қаласынан жаңа немесе қолданыстағы пәтерді, не жер үй алуға болады.
Дәрігерлерге тұрғын үй бағдарламасының басталу күні мен өтініш жолдау тәртібі қосымша хабарланады, деп атап өтті Отбасы банктегілер.