Атырау тұрғыны: "Дәрігерлер қайтыс болған сіңлімнің бес қабырғасын сындырған"

0
1 193

Әйелдің қабырғасы сынып, бактериалдық шоктан қайтыс болғаны дәлелденген.


Атырау тұрғыны:

ERNUR.KZ. 2017 жылы Атырау облыстық перинаталдық орталығында қайтыс болған Анаргүл Майлыбаеваның сотына әлі де нүкте қойылмай келеді. Оның әпкесінің айтуынша, жүкті әйелдің өліміне кінәлі дәрігерлер әлі жұмыс істеп жүр. Ал сот әділ үкім шығарғандарын айтуда, деп жазады exk.kz.

2017 жылдың шілдесінде облыстық перзентханаға жедел жәрдеммен Анаргүл Майлыбаева жеткізіледі. Іші ауырғаннан соң, оны перзентхананың патология бөліміне жатқызады. Алайда содан кейін жүкті әйел қараусыз қалған.

"Перзентханаға түскеннен кейін, маған қоңырау шалып, дәрігерлер қарамағанын айтты. Келесі күні тағы да қоңырау шалғанда, әлсірегенін байқадым. Оны операцияға дайындап жатқанын білдім. Бұл біздің соңғы сөйлесуіміз екен, дейді әпкесі Өміргүл Майлыбаева.

Операция кезінде Анаргүл дүниеге ұл мен қыз әкелгенімен, өзі қайтыс болған. Осылайша бес бала анасыз қалды. Дәрігерлер әйелдің тромбоэмболиядан қайтыс болғанын айтқан. Алайда Өміргүл Майлыбаева дәрігерлердің сөзіне сенбей, мәйітке эксгумация жасатқан. Сараптама қорытындысына сәйкес, әйел бактериалдық шоктан қайтыс болған.

"Операция кезінде оған инфекция түсуі мүмкін. Нұр-Сұлтандағы сарапшылардың қорытындысына сәйкес, массаж кезінде оның бес қабырғасы сыныпты. Ол қалай қиналды екен? Өз аяғымен кеткен әйелді, үйге табытпен әкелдік", дейді әпкесі Өміргүл Майлыбаева.

Кейін қайтыс болған әйелдің туыстары Атырау облыстық Полиция департаментіне арыз жазып, 2019 жылы перзентхананың үш дәрігері мен қалалық №2 емханасының дәрігеріне қатысты ҚК 317-бабының 3-тармағымен ("Медицина жұмыскерiнiң адам өліміне әкелген кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы") қылмыстық іс қозғалып, іс қалалық №2 сотына түседі.

Жеті айға дейін созылған сот отырысында дәрігерлер ақталып шыққанымен, Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімнің күшін жойып, істі сотқа қайта жөнелтеді.

Аппеляциялық шағымды қарау кезінде тағы да сот сараптамасы тағайындалып, дәрігерлердің кінәсі жоқ деген қорытынды шығарылды. Алайда бұл сараптамаға қайтыс болған әйелдің туыстары күмән келтіреді.

"Біз бұл сараптамаға сенбейтімізді бірнеше рет айтып, дәлелдерімізді ұсындық. Анаргүл қабырғасы сынып, бактериалдық шоктан қайтыс болғаны дәлелденіп отыр", дейді туыстары.

Екінші мәрте істі қараған Атырау қалалық №2 соты сотталушы дәрігерлерді ақтап шығады. Алайда Жоғары Сот істі қайта қарауға жібергенімен, өткен айда облыстық сот дәрігерлерді ақтады.

"Іс бойынша 7 сот-медициналық сараптама жүргізілді. Бір қорытындыдан басқасы А.Майлыбаева сепсистен көз жұмғанын анықтаған жоқ. Соңғы комиссиялық сараптама қорытындысына сүйенсек, А.Майлыбаеваның өліміне әкелген "өкпе тромбоэмболиясы" диагнозы дұрыс қойылған, қолданыстағы клиникалық хаттамаға сәйкес, реанимациялық шаралар дұрыс жүргізілген, — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

"Бұл үкіммен келіспеген туыстары қазір Бас прокуратураға шағым дайындап жатыр. Кінәлі дәрігерлер жазаларын алуы тиіс. Бес баланы анасыз, мені бауырсыз қалдырды. Заң алдында жазалануы керек" - деді туыстары.