Атырау зауыты 1 000-шы жартылай вагонды жасап шығарды

0
72

Атырау вагон жасау зауыты – Орталық Азияда жүк вагондарын жасап шығаратын жаңадан салынған толық циклды алғашқы кәсіпорын.


Атырау зауыты 1 000-шы жартылай вагонды жасап шығарды

ERNUR.KZ. Атыраудағы вагон жасау зауытында мыңыншы жартылай вагон жасап шығарылды. Айтулы оқиға Машина жасаушылар күніне орайластырылып, вагон өндірістік цехтан салтанатты түрде шығарылды, деп хабарлайды Атырау облысының әкімдігі.

Өңір әкімі Болат Ақшолақовтың сөзінше, өңірде мұнай-газ саласымен қатар машина жасау бағыты да дамып, заманауи өндіріс орындары құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

«Атырау вагон жасау зауыты — осы жұмыстардың жарқын үлгісі. Кәсіпорын сериялық өндірісті жолға қойып, өнім түрлерін көбейтіп, сыртқы нарыққа шығып жатыр. Моңғолиямен арада вагон жеткізу туралы келісім бар. Бұл біздің отандық өнімге сұраныс бар екенін көрсетеді. Зауытта және компаниялар тобының сабақтас кәсіпорындарында 1 400 адам еңбек етеді. Бұл көрсеткіштің артында осынша отбасының әл-ауқаты, жастарға берілген мүмкіндіктер мен облыс экономикасының нығаюы тұр. Зауыт төңірегінде вагондар жасап шығару, сынақтан өткізу және жөндеу бағыттарын біріктіретін өндірістік кластердің қалыптасып келе жатқаны да өте маңызды. Бұл өндірісті одан әрі локализациялауға және инженерлік әлеуетті дамытуға негіз болады. Атырау облысының дамуына үлес қосып жатқан кәсіпорын басшылығына, инженерлерге және зауыттықтарға ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын», – деді Болат Ақшолақов.

Атырау вагон жасау зауыты – Орталық Азияда жүк вагондарын жасап шығаратын жаңадан салынған толық циклды алғашқы кәсіпорын. Жартылай вагондарға салынатын дайындаушы зауыттың таңбасы мен ЕАЭО сертификаттары 2024 жылғы желтоқсанда алынды. Кәсіпорын қысқа уақыт ішінде сериялық өнім шығаруды жолға қойды. Бүгінде өндірістік желіде жартылай вагондар, жабық вагондар, хоппер вагондары, сұйытылған газ пен мұнай өнімдерін тасымалдайтын цистерналар бар. Зауыттың қуаттылығы – жылына 6-8 мың вагон. 2026 жылдың аяғына дейін 500 қызметкерді жұмысқа қабылдап, оқыту көзделген. Болашақта жұмысшылар саны 3 500 адамнан аспақ, ал инвестициялық цикл аяқталғасын өндірісті локализациялау деңгейі 96%-ға жетеді деген жоспар бар.

Зауыт келесі жылы модельдер қатарын кеңейтіп, күкірт қышқылы мен өсімдік майларын тасымалдауға арналған цистерналар, 80 футтық фитинг платформалар жасап шығаруды қолға алмақ. Бұған қоса, жүк вагондарына арналған штампталған және дәнекерленген арбаның зауыттың өз нұсқасымен жасалған моделі сынақтан өткізіліп жатыр.

Атырауда индустриялық кластерді дамыту аясында биылғы шілдеде тәуелсіз ғылыми-зерттеу сынақ орталығы ашылды. Ол теміржолдың жылжымалы құрамы мен оның тораптарын Қазақстанда сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. «Texol Steel» ЖШС құйма зауытының құрылысы да өңірде өнеркәсіптік кластердің дамуындағы маңызды қадам болды. Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов жоба барысымен танысып, бастамаға қолдау білдірді.

Өндірісті дамыту және өнеркәсіп инфрақұрылымын кеңейту Атырау облысында жылжымалы құрамды дайындау, сынақтан өткізу және жөндеу бағыттарын қамтитын біртұтас теміржол кластерін қалыптастырады.