Атырауда 12 жастағы қызға тиіскен ер адамға іздеу жарияланды

0
55

Қылмыстық іс қозғалды.


Атырауда 12 жастағы қызға тиіскен ер адамға іздеу жарияланды

Фото: polisia.kz

ERNUR.KZ. Атырауда 12 жастағы қызға тиіскен ер адам іздестіріліп жатыр. Бұл туралы қыздың ата-анасы мәлімдеді. Олар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды алып, полицияға арыз түсірген, деп жазады inbusiness.kz.

Оқиға өткен жексенбі күні кешкі сағат 22:00 шамасында болған. Қыз бала ойын алаңынан үйіне қайтып келе жатқанда оған бейтаныс ер адам жақындаған. Туыстарының айтуынша, егер қыз қашып құтылмағанында, жағдай жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұласуы мүмкін еді. Олардың сөзінше, ер адам мас болған және өзін өте агрессивті ұстаған.

"Ол қызымды қорқытып, айғайлап, агрессивті әрекет етті. Өзіне алкоголь сатып әперуді талап еткен. Қызым "Жақсы, тек мені жібере салыңыз, дүкенге бірге барайық" деп жауап берген. Ол сол жерде көмек сұрамақ болған. Дүкеннің жанына келгенде әлгі ер адам қызымнан ернінен сүюді талап етіп, өзіне қарай тарта бастаған. Сол сәтте қызым оның желкесіндегі шашынан тартып қалып еді, қолы босаңсып, қашып кетуге мүмкіндік туған", – дейді қыздың анасы Балауса Өтеуова.

Қызының айтқанын естіген ата-анасы бірден полицияға жүгінген. Оқиғадан кейін қыздың үйден жалғыз шығуға қорқып қалғанын жақындары айтты.

Атырау облыстық полиция департаменті күдіктінің жеке басы анықталып жатқанын хабарлады.

"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктінің жеке басын анықтау және оны ұстау бағытында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді ведомство.