Атырауда Қазақстан мен Малайзияның бірлескен кәсіпорны құрылды

0
1 776

Бірлескен кәсіпорын жоғары вольтты қозғалтқыштарға, генераторларға, компрессорларға, сорғылар мен турбомашиналарға техникалық қызмет көрсетеді, сондай-ақ жөндейді.


Атырауда Қазақстан мен Малайзияның бірлескен кәсіпорны құрылды

Малайзиялық Elektro Serve (M) Sdn Bhd компаниясы мен қазақстандық Alshin-West ЖШС компаниясы Атырау қаласында Alshin Elektro Serve бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Атырау облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға қатысқан Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновацялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаныш Мәмбетов жергілікті билік өңірдің дамуы мен жергілікті азаматтарға жұмыс орнын беретін инвестициялық жобаларды көптеп іске қосу үшін ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті.

Ал Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Қазақстандағы Малайзия мемлекетінің елшісі Саид Абду Рахман бастамаға сәттілік тілеп, ортақ жобалар жалғасын табады деген сенімін білдірді.

Екі елдің ортақ жоба құруының бастауы "Kazakh Invest" ҰК "АҚ басшылығының 2019 жылы Малайзияға жасаған сапарынан басталады.

Бірлескен кәсіпорын жоғары вольтты қозғалтқыштарға, генераторларға, компрессорларға, сорғылар мен турбомашиналарға техникалық қызмет көрсетеді, сондай-ақ жөндейді.

Elektro Serve (M) Sdn Bhd жылы электр жабдықтарын, механика мен аспаптарды жобалау және өндіру бойынша мамандандырылған компания ретінде 1990 жылдары құрылған. Қазіргі кезде жоғары вольтты жабдықтарға (моторлар, генераторлар) техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша Малайзиядағы нөмірі бірінші компания саналады. Төмен және жоғары кернеулі генераторларға қызмет көрсетеді, диагностика жасайды, жөндеуден өткізеді және қайта орайды.

Elektro Serve (M) Sdn Bhd-ның Jeumont Electric, Indar сондай-ақ Schneider Electric секілді бірнеше танымал халықаралық түпнұсқалық жабдық өндірушілерімен бірлескен кәсіпорындары да бар.

Қазақстан жағынан серіктес болып отырған "Alshin-West" ЖШС өз кезегінде қажетті инфрақұрылыммен, өндірістік базалар, жабдықтар және жергілікті кадрлармен қамтамасыз етеді. 2016 жылдан бері төмен вольтты электр құралдарын жөндеу саласында жұмыс істеп келе жатқан отандық компания ортақ кәсіпорын арқылы сервистік қызмет көрсетуде еуропалық стандарқа сай жаңа деңгейге шығады. "Alshin-West" ЖШС басшысы Оразкелді Сатамбақының сөзінше, бұған дейін өңіріміздің ірі мұнай-газ компаниялары құрал-жабдықтарын Еуропаға апарып жөндетіп жүрген. Бұдан былай Еуропаға да танымал малай компаниясымен бірлесе отырып аталған компанияларға Атыраудың өзінде-ақ сапалы қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.

Ал Elektro Serve (M) Sdn Bhd болса, жергілікті мамандарды оқыту үшін ең жаңа жабдықтар, технологиялар, стандарттар, процедуралар және білікті инженерлермен қамтамасыз етеді. Аталған компанияның бас техникалық директоры Кирк Жан Белян, "Басты мақсатымыз — сапалы сервис дәстүрін қалыптастыру. Бастапқыда мұнай саласындағы ірі кәсіпорындарға қызмет көретеміз. Болашақта мотор және генераторлар мен батырылатын сорғыларды шығаруды да ойластырып отырмыз. Бірлескен кәсіпорынды Қазақстанның Атырау қаласынан бастаумыздың да өзіндік мәні бар. Біздің қызмет көрсетуімізге лайықты ірі мұнай компаниялары осында көп. Алдағы жылдары Ресей нарығына кіру де жоспарда бар",-дейді.

Қазір 4 жергілікті маман арнайы оқудан өтіп, жұмысқа кіріскен. Жыл соңына дейін олардың санын 20 адамға жеткізу жоспарланып отыр.