Фестивальдің басты ерекшелігі – сирек кездесетін лотос гүлдері өсетін табиғи аймақта өткізілуінде.
ERNUR.KZ. Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Теңіз ауылында «LOTUS FEST – 2025» халықаралық мәдени-туристік фестиваль басталды, деп жазады baq.kz.
Фестивальдің басты ерекшелігі – сирек кездесетін лотос гүлдері өсетін табиғи аймақта өткізілуінде. Құрманғазы ауданы – Қазақстандағы лотос гүлдері жабайы түрде өсетін жалғыз өңір. Бұл көрініс жыл сайын шілде айының ортасынан тамыз айының соңына дейін Қиғаш өзенінің сағасында ғана байқалады.
Фестиваль аумағында 20 киіз үйден тұратын этноауыл тігіліп, туристерге қызмет көрсетілуде. Сонымен қатар облыстың барлық аудандарынан және көршілес мемлекеттерден келген кәсіпкерлердің қатысуымен ұлттық өнер мен қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Шетелдік қонақтар театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар мен салт-дәстүр көріністері арқылы қазақ халқының мәдениетімен танысуда.
Фестивальға келушілерге лотос гүлдерінің арасында экскурсия, фотозоналар, атпен серуендеу, қайықпен жүзу, гастрономиялық және фото байқаулар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Ал іс-шара концерттік бағдарлама және от шашумен аяқталады.