Атырауда оқушылар көшеден 300 мың теңгеге жуық ақша тауып алып, оны полицияға берген

0
165

Тәртіп сақшылары әмиян иесін анықтап, ақшаны қайтарып берді.


Атырауда оқушылар көшеден 300 мың теңгеге жуық ақша тауып алып, оны полицияға берген

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Атырауда 5-6-сынып оқушылары көшеден 300 мың теңгеге жуық ақша салынған әмиян тауып алып, оны полицияға тапсырды, деп жазады stan.kz.

Атырау қаласындағы Нұрсая ықшам ауданында 5-6-сынып оқушылары көшеден ішінде 300 мың теңгеге жуық ақшасы бар әмиян тауып алды.

Патрульдеу кезінде полиция қызметкерлеріне бір топ оқушы жақындап, көшеден әмиян тауып алғанын айтқан.

"Достар, кеше ғана осындай керемет жағдай болды. 5-6-сыныптың оқушылары ішінде ақшаға толы әмиян тауып алады. Олар ол ақшаны бөліп алмай, тығып қоймай, бірден сол айналада жүрген полиция қызметкерлеріне тапсырады. Ақша кейіннен иесіне қайтарылды, иесі мәз, енді ондай қомақты сома жоғалып, тапсаң, өзің де риза боласың ғой. Бұл жерде 11-12 жасар балалардың адалдығы мен полицияға деген сенімі, олардың ата-анасының дұрыс тәрбиесі мен енді біздің болашағымыздың жарқын екенін дәлелдейді деп ойлаймын. Мен өзім барынша қатты қуандым", – деді полицей.

Кейін тәртіп сақшылары әмиян иесін анықтап, ақшаны қайтарып берді.

Балалар табылған қаражатты иесіне қайтару үшін бірден полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары жедел түрде әмиян иесін анықтап, жоғалған ақшаны оған табыстады.

Оқушылардың бұл әрекеті көпшіліктің көңілінен шықты. Олардың адалдығы мен жауапкершілігіне сүйсінген тұрғындар жас ұрпақтың тәрбиесіне оң бағасын берді.

Еске салайық, бұған дейін Stan.kz тілшісі көшеден немесе қоғамдық орындардан ірі көлемде ақша тауып алған жағдайда азаматтар қандай әрекет жасауы керек екенін анықтап, заңгер Нұрсұлтан Орынбековтен түсініктеме алған еді. Материалда, әсіресе, Астанада тұрғын үй кешенінің маңына доллар толы бірнеше шабадан лақтырылды деген ақпараттан кейін туындаған сауалдарға жауап ізделді. Заңгер табылған ақшаны бірден өз қажетіне жаратуға бола ма, мұндай олжа туралы полицияға немесе әкімдікке хабарлау міндетті ме, алты ай ішінде иесі табылмаса, ақшаны өз меншігіне рәсімдеуге бола ма деген мәселелерді түсіндірді. Сондай-ақ материалда табылған қаражаттың заңды иесі анықталған жағдайда 30% сыйақы талап ету құқығы және ақша қылмыстық іске қатысы бар заттай дәлелдеме болып шықса, оның әрі қарайғы тағдыры қалай шешілетіні сөз болды.