Бұл – соңғы 20 жылда мұнайлы өңірде табылған екінші «Алтын адам».
ERNUR.KZ. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне тағы бір «Алтын адамның» өңделген бейнесі қойылды, депхабарлайды Хабар24.
Ғалымдар алтынмен апталған сармат ханшайымы біздің дәуірімізге дейінгі 2-3 ғасырларда өмір сүрген деген болжам айтады. «Ұлы дала жауһарынан» табылған зергерлік бұйымдар сол заманда Каспий теңізі маңайын мекендеген көшпенділердің мәдениеті мен қолөнерін айғақтайды. Бұл – соңғы 20 жылда мұнайлы өңірде табылған екінші «Алтын адам». 1999 жылы Аралтөбе қорғанын қазған археологтар мол олжаға кенелген еді. Атырау облысында әлі де зерттеуді қажет ететін 600-ге тарта қорған бар.
Қолындағы алтынмен апталған қорамсақты садақ пен қанжар, басқа да алтыннан жасалған әшекей-бұйымдар, кемер белдік пен иленген теріден тігілген сырт киім бұл адамның өз дәуіріндегі дәрежелі адамдардың бірі болғанын айғақтайды. Құнды жәдігерді музей қызметкерлері 2017 жылы Миялы қорғанынан тапқан болатын. Алматы қаласында өңдеуден өткізілген дүниелер жаңарып Атырауға қайта оралып отыр. Мамандар мұны сармат ханшайымы екеніне сенімді.
– Сырғаға ерекше назар аударамыз. Өйткені ол сырғаның екі жағында жылқы бейнесі мен ортаңғы жағында жауһар моншағы бар. Алтындарының өзі әртүрлі аң пішіндес, геометриялық фигуралармен әшекейленген. Оның жанында қорамсасы, қылышы да болған. Яғни бұл өз заманында беделді болған сармат тайпасының қыз жауынгері деген толық негізде айта аламыз, - дейді музей қызметкері Айдана Мүрсәлімова.
3 жылдық қазба жұмыстарының нәтижесінде Миялы қорғандарынан 1000-ға жуық құнды жәдігер табылды. Олар әлі де зерттеп зерделеуді қажет етеді. Бірақ қазір қолда бар дүниелерден хас шебердің қолтаңбасы анық аңғарылады. Мына қоладан құйылған қазанның құлағындағы жылқы аң бейнелері сол замандағы қолөрендің өлшемііндей. Қазба жұмыстары келер жылы да жалғасын таппақ.
– Сақ дәуірі мен қимақ дәуірі арасындағы тарихи құндылықтардың табылуы біз үшін болашаққа үлкен мүмкіндік берді, жол ашты деуге болады. Келесі жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы қорғандарға қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Себебі бұған дейін ол өңірде қазба жұмыстары мүлдем жүргізілмеген, - деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.
Бүгінде Атырау тарихи өлкетану музейінде 62 мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы тұр. Биыл оған тағы мыңға жуық жаңа дүние қосылды. Бірақ барлығын орналастыруға мүмкіндік аз. Туған өлкенің тарихынан сыр шертетін мұрағаттар болашақта үлкен көрмеге қойылатын болады. Келер жылы жаңа музей ғимаратының құрылыс қолға алынбақ.