Атырауда зорлыққа ұшыраған қыз көмек сұрады

0
237

Оған күйеуі қысым көрсетіп, қорқытып, еркінен тыс мәлімдеме жасатып, телефонын сындырып тастаған.


Атырауда зорлыққа ұшыраған қыз көмек сұрады

Фото: pixabay

ERNUR.KZ. Атырауда 15 жасында еріксіз тұрмысқа шыққан қыз күйеуінен зәбір көргенін айтып, көмек сұрады, деп жазады inform.kz.

Өзін Мөлдір Амандық деп таныстырған қыздың видеосы «Президентке хат» телеграм арнасында жүктелді. Оның сөзінше, оған күйеуі қысым көрсетіп, қорқытып, еркінен тыс мәлімдеме жасатып, телефонын сындырып тастаған.

«Мен инстаграмдағы жазбаны кетіру үшін үндеу жасаған болатынмын. Алайда, мән-жайдың астарын ешкім білмейді. Міне, бүгін бар күш-жігерімді жинап, сіздерге қайтадан үндеу жасап отырмын. Не үшін? Себебі, сол жазба салынғаннан кейін күйеуімнің әкесі, органда жасайтын қайын ағам келіп, алып кетті. Олар маған бәрін өздерінің айтуымен ғана істетті. Өз еркіммен ештеңені жасаған жоқпын. Комиссия келіп тексергенде де, комиссия келмес бұрын да маған «осылай сөйле» деп бұйырды. Қорқытып, мені мәжбүрледі. Әлгі сөзді өз еркіммен айтпадым. Алдап, тастап кетті. Енді менде басқа амал жоқ. Анам қатерлі ісікпен ауырғасын, жүруге шамасы жоқ, күннен күнге әлсіреп барады. Комиссия шешімін алып, прокуратурадан осы істі қайта қарауды сұрайын десек, оған маған демеу болатын әкем де, анам да шарасыз болып отыр», - дейді Мөлдір Амандық.

Бұған дейін Атырауда қыркүйекте 15 жастағы қыздың еріксіз тұрмысқа шыққаны туралы жазған едік. Сол кезде әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа байланысты облыстық полиция департаменті тергеу қайта жанданатынын хабарлаған.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, қазіргі кезде аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалған.

«Алғашқы тергеу барысында қылмыс құрамын толыққанды тергеу үшін жәбірленуші тарап тиісті сот-медициналық, психиатриялық сараптамаларынан өтуден бас тартып, кешенді тергеу әрекеттерін жүргізуде кедергілер келтірген. Алайда, 25 қыркүйек күні әлеуметтік желіде таралған мәліметтер бойынша тергеу жаңғыртылған болатын. Қазіргі кезде тергеу жалғасып жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.