Атыраудағы бір отбасының өлімі: күдікті қылмысты қалай жасағанын көрсетті

0
160

Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады.


Атыраудағы бір отбасының өлімі: күдікті қылмысты қалай жасағанын көрсетті

Фото: видеодан алынған скрин

ERNUR.KZ. Полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген, деп жазады inform.kz.

Алдын ала ақпарат бойынша Сұлтан Сарсемалиев ата-енесін өлтіріп, ауладағы сарайдың ішінде тереңдігі 1,5 метр шұңқыр қазып, денелерді үсті үстіне жатқызған. Кейін көміп, үстіне диван қойып кеткен.

Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады. 29 жастағы күдікті бұрынғы әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны сол жерге көміп кеткен.
Сұлтан Сарсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда ұсталған кезде олардан марқұмдардың жеке куәліктері мен банк карталары тәркіленді.
Қазір Сұлтан Сарсемалиев уақытша ұстау изоляторында. Кінәсін толық мойындаған. Ал оның бұрынғы әйелі, 5 баланың анасы Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығына жатқызылды.
Кеше ІІМ Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтың мүрдесі Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның қалада жалдап тұрған үй маңынан табылғанын растады. Ал бұл аумақты осыдан 2 ай бұрын полиция қызметкерлері түрлі әдіспен, техникалардың көмегімен тексеріп кеткен еді.
Күдіктілер ақпан айының соңында Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінгендер ұсталды.
Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
Кейін олардың денесінде пышақ іздері бары белгілі болды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.
Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған.
Ақпан айының басында күдіктің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.
Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке сол үйдің қызы да ілінді.
Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.