Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінде зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Фото: Видеодан алынған кадр
ERNUR.KZ. Атыраудағы «Шаңырақ» отбас үлгісіндегі балалар ауылында жүргізушінің жасөспірімді неге ұрғаны анықталды, деп жазады inform.kz.
Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуовтің айтуынша, «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінде зерделеу жұмыстары жүргізілген.
– Зерделеуге сәйкес мекеменің жедел жағдайдағы қызметтік көлігінің жүргізушісі 2024 жылы 24 шілде күні тәрбиеленуші-жасөспірімге спорт залда қол көтергені анықталды. Оның бұл әрекетіне жасөспірімнің жүргізушінің адамдық ар-намысына тиетін сөздерді айтқаны себеп болған.
Алайда, психологпен әңгімелесу кезінде жасөспірім жүргізушімен әзілдесіп, ойнайтынын, оған ренжімейтінін, өкпе-реніші жоқтығын, өзінің кінәлі екенін айтты, - деп хабарлады Марат Әбуов.
Басқарма басшысының мәліметінше, отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 8 үй бар. Оның 7-еуінде 36 бала тәрбиеленеді. Мекемеде 57 бейнекамера қондырылған. Камераның 2-еуі жедел басқару орталығына қосылып тұр. Мұнда 56 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 7 адам ана-тәрбиеші қызметін атқарады.
Ал кезекшілік 2 ана-тәрбиешіге жүктелген.
– Полиция департаменті аталған дерекке қатысты іс қозғады. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп мәлім етті Марат Әбуов.
Атырау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Сәрсембаеваның айтуына қарағанда, мекемеде полиция, прокуратура, білім басқармасы және әкімдік өкілдерінің қатысуымен жиын өткен.
– Оқиға былтырғы шілде айында болғанымен, полицияда аталған факті тіркелмеген. Енді аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2- бөлігімен қылмыстық іс тіркелді, - деп мәлім етті Айдан Сәрсембаева.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылының жүргізушісі тәрбиеленушіні ұрғанын хабарлаған болатынбыз.