Қазақстанда дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп жазады inform.kz.
- Дәрі-дәрмек дәріханаларда сатылуы үшін, ең алдымен, сараптамадан (Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында) және тіркеуден өтуі керек. Аудит нені көрсетті? Норматив бойынша тіркеу мерзімі - 210 күн. Алайда, біреулер үшін бұл мерзім 1 275 күнге созылса, осы ұйымның бұрынғы қызметкерлері үшін өте жылдам – 25 күнде рәсім өткізілді. 154 өтінім бойынша сараптама процедураларын бұзу деректері анықталды.
Жалпы, НАЦЭЛС (Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы) - нағыз саяхатшылар клубы сияқты. Оның қызметкерлері дәріні тізімге енгізу үшін зауыттарды көру сылтауымен шетелге барып жүр. Әрине, барлық жайлы саяхат шығындары фармация компаниясының есебінен төленеді. Бірақ бұл сапарлар не беретені түсініксіз, - деді А.Аймағамбетов.
Оның айтуынша, дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек. Әрине, мұндай қиындықтарды тез арада тек алпауыт фармацевтикалық компаниялар мен қымбат препараттарды өндіретіндер еңсереді. Нәтижесінде, арзан әрі науқастар үшін ауадай қажет дәрілер тіркелмей қалады.
- Нарықта жоқ, өйткені ол үшін жүгіретін ынта да, қызығушылық жоқ. Мәселен, Қазақстанда «пенициллиннің» ішетін түрі тіркелмегенін фармакологтар айтып отыр. Неге? Себебі, ол тым арзан, ешкім өтінім бермейді. Осының кесірінен дәрігерлер бірден кең ауқымды антибиотиктерді жазып беруге мәжбүр. Дәл осындай жағдай көптеген базалық дәрі-дәрмек бойынша қайталанады. Олар тізімде болмағандықтан, оларды пайдалана алмаймыз. Бұл препараттар арзандығына байланысты индустрияға қызық емес деп те айтуға болады, - деді депутат.