Құжат 29 қаңтарға дейін "Ашық НҚА" сайтында көпшілік талқылауы үшін жарияланды.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарындағы тамақтану стандарттарына өзгерістер енгізетін бұйрық дайындады, деп жазады baq.kz.
Құжат балаларды қауіпсіз, сапалы және теңгерімді тамақтанумен қамтамасыз ететін заманауи халықаралық талаптарды ескереді.
Министрліктің мәліметінше, бұл түзетулердің негізгі артықшылығы – тұз, қант және майларды тұтынуды азайту, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді тұтынуды арттыру.
Көкөністер мен жемістер кальций, темір, фолий қышқылы және басқа да витаминдерге бай, олар балалардың денсаулығын қолдап, иммундық жүйесін нығайтады, - делінген құжатта.
Министрлік атап өткендей, тұз бен қантты шамадан тыс тұтыну - семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулар сияқты жұқпалы емес аурулардың пайда болуына негізгі себептердің бірі.
Осы құжатты қабылдау балаларды тамақтандырудың қауіпсіздігін, сапасын және қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ білім беру мекемелеріндегі балалардың тамақтануын ұйымдастыруға бірыңғай талаптарды белгілеуді көздейді, – делінген негіздемеде.
Сондай-ақ министрліктің мәлімдеуінше, енгізілген шаралар білім беру және тәрбиелеу ұйымдарындағы тамақтану стандарттарына бірізді тәсілдерді қамтамасыз етіп, асханалары жоқ шағын жинақты мектептерде тамақтануды ұйымдастыру форматын да қарастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, бұл құжатты жүзеге асыру арқылы тамақтан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу механизмдерін енгізу жоспарлануда.
Құжат 29 қаңтарға дейін "Ашық НҚА" сайтында көпшілік талқылауы үшін жарияланды.