Автобус жүргізушілерінің шаршағанын анықтайтын жүйе жасалды

0
1 038

Астаналық автопарктер "ақылды" автобустармен толығатын болады.


Автобус жүргізушілерінің шаршағанын анықтайтын жүйе жасалды

ERNUR.KZ. «Астана LRT» ЖШС қоғамдық көліктердегі апаттар санын төмендету үшін «ақылды» технологияларды енгізбек, деп жазады inform.kz.

«Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжановтың айтуынша, астаналық автопарктерге 725 жүргізуші қажет. Бұл жағдай қоғамдық көліктердің жол-көлік оқиғаларына жиі ұшырауына өз әсерін тигізуде. «Астана LRT» компаниясы бұл мәселені шешудің балама жолдарын да қарастыруда. Соның бірі - «Жүргізушінің шаршағанын бақылайтын жүйе».

IQ Glodal компаниясы басшысы Ерлан Кәкеновтің айтуынша, камерамен жабдықталған арнайы құрылғы жүргізушінің бет әлпетіндегі өзгерістер арқылы оның қаншалықты шаршағанын қадағалап отырады.

«Аса сезімтал құрылғы жүргізуші көзілдірік тағып отырған күннің өзінде оның жағдайын бақылай алады. Жүйеде қандай да бір өзгеріс тіркесе, бірден дыбыстық ескерту жібереді. Осы арқылы шаршаған жүргізушіні рейстен босатуға болады. Бұл жобаға Алматы мен Шымкент қалалары да қызығушылық танытып отыр» - дейді компания өкілі.

IQ Glodal компаниясы бұдан бөлек «Айнала» шолу жүйесі» жабдығын да ұсынып отыр. Оның көмегімен жүргізуші айнамен терезеден бөлек 360 градус аумақты қамтитын камераның көмегіне жүгіне алады. Бейбіт Есжанов бұл жоба бір ай бойы қала автобустарында сынақтан өтетінін айтады.

«Бұл жобаларды бір ай бойы бірнеше автобуста кезек-кезегімен сынап көреміз. Бұл жүйенің жүргізушілерге қаншалықты ыңғайлы, апаттардың алдын алу қаншалықты мүмкін екенін анықтағаннан кейін ғана нақты шешім қабылданады» - дейді «Астана LRT» ЖШС өкілі.

Айта кетейік, 26 наурызда елордада үлкен жол-көлік апаты болды. Қала маңына қатынайтын 301-ші бағдардың экспресс-автобусы қатты жылдамдықпен бағдаршамда тұрған 12-інші автобусқа соғылды. Өз кезегінде 12-автобус екпінмен жедел медициналық жәрдем көлігі мен тағы бір автобусқа соғылды.

Салдарынан 301-ші бағдардың жүргізушісі және алдыңғы орында отырған бір жолаушы көз жұмды. 36 адам зардап шекті. «Astana LRT» басшысы Бекмырза Игенбердинов бұған дейін зардап шеккендерге өтемақы төленетінін мәлім еткен болатын.