Автокөлік жуу мен өндірістік орындарда суды қайта пайдалану талап етіледі

0
654

Республиканың өнеркәсіп секторы жылына орта есеппен 5,9 текше шақырым таза суды тұтынады.


Автокөлік жуу мен өндірістік орындарда суды қайта пайдалану талап етіледі

ERNUR.KZ. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ел экономикасының секторларында су ресурстарын қайта пайдалануды 2030 жылға қарай 17%-дан 50%-ға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Тағы бір маңызды мәселе - ел экономикасының секторларында су ресурстарын қайта пайдалану. Экономика салаларының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жыл сайынғы су тұтыну шамамен 25 текше шақырымды құрайды, оның 65%-ы (14,2 текше шақырымы) ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне, 25%-ы (5,9 текше шақырымы) өнеркәсіптің қажеттіліктеріне, ал 4,3%-ы (1,3 текше шақырымы) коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады»,- деді ол Астанада өтіп жатқан «Global Water» су технологиялары мен ресурстары жөніндегі халықаралық форумда.

Республиканың өнеркәсіп секторы жылына орта есеппен 5,9 текше шақырым таза суды тұтынады, оның ішінде су бұру 4,9 текше шақырым (су объектілеріне 4,7 текше шақырым) және 1,1 текше шақырым су – бұл қайтарымсыз тұтыну.

«Өнеркәсіпті айналымдағы сумен жабдықтау көрсеткіштері жылына орта есеппен 9 текше шақырымға жетеді (экономиканың барлық салаларына жыл сайынғы су тұтыну көлемінің 36% - 24,9 текше шақырым), ал қайта сумен жабдықтау 1 текше шақырым суды құрайды.
Осылайша, өнеркәсіп орындары алатын 5,9 текше шақырым жалпы таза судың 17%-ы қайта пайдаланады және біз 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 50% - ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз»,- деді министр

Оның айтуынша, суды қайта пайдалану тиімділігін арттыру үшін барлық негіздер бар.

«Ең алдымен, бұл жергілікті тазарту құрылыстарын, атап айтқанда, автокөлік жуу және жөндеу орталықтарында, өндірістік кәсіпорындарда және т.б. енгізу, бұл орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен ауыз суды тұрақты қоспай және тұтынбай суды қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Осыған байланысты министрлік суды қайта пайдалану жүйесі жоқ ұйымдардың осындай жүйелерге көшу жоспарларын ұсынуы үшін жұмыс істейтін болады»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.