Азаматтар жеке меншік клиникада тегін емделе алады

0
1 270

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізіміне енетін қызметтерді жеке меншік клиникалар да тегін көрсетеді.


Азаматтар жеке меншік клиникада тегін емделе алады

ERNUR.KZ. Қазақстанда 700 –ден астам жеке меншік клиникада кепілдендірілген медициналық көмек тізіміне енетін қызметтер тегін көрсетіледі. Мұндай қызметке қол жеткізудің тәртібі мен шарттары туралы Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиева айтып берді, деп жазады Елорда Инфо.

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмектің бірқатарын Қазақстан азаматтары тегін ала алады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізіміне енетін қызметтерді тіпті, жеке меншік клиникалар да тегін көрсетеді.

Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, соңғы жылдары тапсырысты орындайтын емдеу мекемелерінің арасында жеке меншік клиникалардың саны бірнеше есе артқан.

«Себебі, соңғы кезде мемлекет жеке клиникалардың да мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізуіне барынша жағдай жасап отыр. Атап айтқанда, үкіметтің арнайы қаулысымен жеке меншік саланың мемлекеттік емханалармен қатар тапсырыс алуына кедергі келтіріп отырған тосқауылдар алынып тасталды. Соның нәтижесінде медициналық бизнестің мемлекеттік тапсырысты орындауға деген құлшынысы артты. Мысалы, қазір Медициналық сақтандыру қорынан тапсырыс алатын 1408 емдеу мекемесінің 700-ден астамы – жеке меншік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп», - дейді МСҚ басқарушы директоры Забира Оразалиева.

Алайда, жеке меншік клиникада тегін емделу үшін сол клиникаға тіркелу керек.

Тіркелген азаматтар жеке меншік клиникадан салалық маманның қабылдауы және кеңесі, көрсетілімдер бойынша емдеу, манипуляциялар мен процедуралар жасау; дәрігердің жолдамасы бойынша күндізгі стационарда емделу; көрсетілімдер бойынша, маманның жолдамасымен зертханалық-диагностикалық қызмет түрлері; жалпы практика дәрігерінің, учаскелік терапевт пен педиатрдың қабылдауы, консультациясы; жүкті әйелдерді бақылау; белгілі бір нысаналы топтарды профилактикалық мақсаттағы медициналық тексерулер (скрининг) сияқты медициналық көмек түрлерін тегін ала алады.

Кей жағдайда жеке меншік клиникалар аталған көмекті толық көрсете алмауы мүмкін. Ол клиниканың техникалық мүмкіндіктеріне байланысты. Мұндай жағдайда олар аталған қызметті қосымша атқаратын медицина ұйымдарына жолдама беруі тиіс.

«Бірақ аяқ-астынан денсаулығы нашарлап, созылмалы ауруы асқынған пациент өміріне қауіп төнген жағдайда шұғыл медициналық көмек кез-келген медицина мекемесінде, тіпті, жеке меншік клиникада да тегін, кешіктірілмей көрсетілуі тиіс», - деді Забира Оразалиева.