Академияға қатысты 2 әкімшілік іс қозғалған.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Азаматтық авиация академиясындағы жоспардан тыс тексеру нәтижелерін жария етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Азаматтық авиация академиясында (Алматы қ.) жоспардан тыс тексеру жүргізген болатын.
«Тексеру нәтижесінде жоғары оқу орнының білім беру қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерде бұзушылықтар анықталды. Тексеріс қорытындысы көрсеткендей, оқытушылардың сандық құрамына, ғалымдардың үлесіне, ғылыми жетекшілерге қойылатын лицензиялау талаптары сақталмай, студенттердің кәсіби тәжірибе келісімшарттары жасалмаған және т.б», деп жазылған хабарламада.
Академияға қатысты 2 әкімшілік іс қозғалған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес аталған әкімшілік істердің санкциялары білім беру қызметімен айналысу лицензиясының қолданылуын 2 айға тоқтата отырып, 175 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды қарастырады.
Қаулылар 2019 жылдың 28 тамызында заңды күшіне енеді.