Байланыс операторлары: Қазақстандықтар қауіпсіздік сертификатын орнатуы қажет

0
948


Байланыс операторлары: Қазақстандықтар қауіпсіздік сертификатын орнатуы қажет

ERNUR.KZ. Қазақстандықтарға ұялы байланыс операторлары қауіпсіздік сертификатын орнатуға кеңес берді, деп жазады ҚазАқпарат.


«Кселл» АҚ Kcell және Аctiv абоненттеріне интернет қолжетімді құрылғыларына «Қауіпсіздік сертификатын» орнату қажеттілігі туралы хабарлайды. Жеке және есептік деректердің және қазақстандықтардың банктік шоттарынан ақшаның ұрлану жағдайларының жиілеп кетуіне байланысты, ақпараттық кеңістікті хакерлерден, интернет-алаяқтардан және түрлі киберқауіптерден қорғаудың тиімді құралы ретінде қауіпсіздік сертификаты енгізілді. Қауіпсіздік сертификатын енгізу ақпараттық жүйелер мен деректерді қорғауға және еліміздің ақпараттық кеңістігі жүйесіне, жеке, соның ішінде банктік секторға интернет-алаяқтардың хакерлік, кибершабуылдарын алдын ала анықтауға көмектеседі», - деп хабарлады «Кселл» АҚ.


Олардың айтуынша, қауіпсіздік сертификатын интернетке әрбір құрылғыға (iOS/Android мобильді телефондар және планшеттер, Windows / MacOS негізіндегі дербес компьютерлер мен ноутбуктер) жеке орнатылуы қажет. Абоненттік құрылғыларда қауіпсіздік сертификаты болмаған жағдайда, кейбір интернет-ресурстарға кіруде техникалық шектеулер туындауы мүмкін.


«Қауіпсіздік сертификаты – шифрлауды қолдайтын протоколдары бар трафикті жіберу үшін қолданылатын электрондық цифрлық таңбалардың жиынтығы. Бағдарламалық жасақтама Қазақстанда жасалған және оны ақпараттық жүйелер мен деректерді қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ұсынады. Beeline Қазақстан өз тарапынан Интернет ресурстарына қол жеткізуді шектемейді. Желілік ресурстарды бұғаттау мемлекеттік органдардың құзырында.

ҚР «Байланыс туралы» Заңына, «Қауіпсіздік сертификатын беру және пайдалану ережелерінің» 26-бабы мен 11-тармағына сәйкес байланыс операторлары байланыс қызметтерін көрсетуге келісімшарттар жасалған өз клиенттері арасында қауіпсіздік сертификатын таратуды қамтамасыз етеді», - деп жазды Beeline Қазақстан компаниясы.


Қауіпсіздік сертификаттарын жүктеу сілтемелері:

Beeline

Kcell

Activ

Altel

Tele2

Еске сала кетейік, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге 6 желтоқсаннан бастап елордада «Кибер-қауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» оқу-жаттығуын өткізеді.

Киберқауіпсіздік оқу-жаттығуларын өткізу кезеңінде кейбір шетелдік интернет-ресурстарға қол жеткізуде түрлі проблемалар туындауы мүмкін. Оны қауіпсіздік сертификатын орнату арқылы жоюға болады.

Қауіпсіздік сертификатты орнату бойынша толық ақпарат алу мақсатында байланыс операторларына олардың ресми интернет-ресурстарына және техникалық қолдау қызметтеріне жүгіну қажет.