Ол өзінің кәмелетке толмаған балаларына қатысты да балағат сөздер айтқан.
фото:baq.kz.
ERNUR.KZ. Тікелей эфирде балағат сөз айтқаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған әйел ескертулерге қарамастан әрекетін тоқтатпаған. Соңы күтпеген жерден аяқталды, деп жазады baq.kz.
TikTok әлеуметтік желісінде «Золотая женщина» лақап атымен танылған Байзақ ауданының 41 жастағы тұрғыны Лайло Қасымова тікелей эфирлер барысында балағат сөздер қолданғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жамбыл облыстық Полиция департаментінің дерегінше, бірнеше рет ескерту жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, әйел мұндай әрекеттерін жалғастыра берген. Ол өзінің кәмелетке толмаған балаларына қатысты да балағат сөздер айтқан.
Полиция, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мен басқа да мүдделі қызметтердің қатысуымен балалардың тәрбиелену және тұру жағдайларына тексеру жүргізілді. Қазіргі уақытта балалар әкесінің қарауында.
Жедел медициналық жәрдем бригадасының тексеруінен кейін Лайло Қасымова ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, лайк пен донат үшін TikTok-та шектен шыққан тоғыз қазақстандық жауапқа тартылғаны хабарланған болатын. Олардың ішінде жоғарыда аты аталған Лайло Қасымова да болды. Балағат, төбелес, жалған ұрлау көрінісі және хайп үшін түсірілген эфирлер назардан тыс қалмады. ІІМ цифрлық кеңістіктегі бақылауды күшейтетінін айтты.
Сондай-ақ, Семейде де TikTok-та тікелей эфир жүргізген бойжеткен қамауға алынды.
Айта кетейік, Қазақстанда қаралым мен танымалдық үшін қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын контент авторларына қойылатын талап күшеюі мүмкін. Бұл мәселенің көтерілуіне Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қариннің әлеуметтік желілерде арандатушылық және деструктивті контенттің таралуына қарсы тұру қажеттігі туралы мәлімдемесі себеп болды.


