Балалардың демалысын ұйымдастыруға арналған «BalaCamp.kz» порталы іске қосылады

0
80

2027 жылы 3 өңірде білім беру-сауықтыру қызметтерін жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі пилоттық режим енгізіледі.


Балалардың демалысын ұйымдастыруға арналған «BalaCamp.kz» порталы іске қосылады

Фото: Kazinform

ERNUR.KZ. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жауабында айтылған.

- Республикада 100-ден астам жекеменшік балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Аталған орталықтар жыл сайын мемлекеттік сатып алу аясында жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» ҚҚ-ның қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы арқылы қаржыландырылатын квоталар (жолдамалар) алады, - деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьердің сөзіне қарағанда, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында 2027 жылы 3 өңірде (Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарында) білім беру-сауықтыру қызметтерін жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін пилоттық режимде енгізу көзделген.
- Сонымен қатар, жекеменшік білім беру-сауықтыру орталықтарын қолдаудың қосымша шаралары «Даму» қорының жеңілдетілген несиелендіру тетіктері, материалдық-техникалық базаны жаңғырту арқылы пысықталады. Ұлттық білім беру платформасының базасында балалардың демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыруға арналған «BalaCamp.kz» бірыңғай цифрлық порталын іске қосу жоспарланған, - деді ол.
Бұған дейін биыл 1 сәуірден бастап кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін ұсынатын ұйымдар лицензиялаудан өтетінін жазған едік.
Айта кетейік, таяуда Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау балалар лагерьлерін лицензиялауды 2026 жылдың жазына дейін толық енгізу мәселесін көтерген болатын.