Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беруге ваучерлік қаржыландырудың жаңа моделін енгізу бойынша пилоттық жоба басталды.
ERNUR.KZ. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова жаңашылдықтар туралы толығырақ айтып берді.
Біріншіден, қосымша білім беру саласында қызмет көрсететін барлық ұйымдар мемлекеттік тапсырыс алуға үміткер бола алады. Ол үшін цифрлық платформаға қосылып, барлық қажетті құжатты қоса өткізу керек. Мониторингтік комиссия ұйымды сол жерге барып тексереді және өз қорытындысын береді. Осылайша, ұйым үшін мемлекеттік тапсырыс алуға, ал балалар үшін – қызмет алуға қолжетімділік кеңейеді.
«Екіншіден, кезекті қалыптастыру тетігі толығымен қайта қаралды. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде балалардың барлық санаты үшін кезек бір. Әр жолы жеңілдікті санаттағы балаларды кезекке қойған кезде кезек бұрын тұрғандарды артқа шегеретін. Бұл ата-аналар арасында кезекке сенімсіздік тудырады. Пилоттық жобада балалар әлеуметтік мәртебесі ескеріле отырып, 12 санатқа бөлінеді және әр санаттың өз кезегі болады. Бұл жағдайда бұрынғы кезек қайтарылмайды, тек алға жылжиды, ал ата-аналар оларды цифрлық платформа арқылы бақылауға мүмкіндік алады», – деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар қаржыландыру енді қызмет шын мәнісінде көрсетілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Яғни, төлемнің түсу фактісі бойынша жүргізіледі. Сабаққа қатысу күн сайын цифрлық платформа арқылы тіркеледі, ал ата-ана төлемді белгілі бір үйірмеге жіберу арқылы қатысуды растайды. Жеткізушінің, ата-ананың және мемлекеттік оператордың қатысуымен мұндай жүйе тіркеулер мен жалған есептерді жояды.
Тағы бір мүмкіндік — ата-аналар құжаттарды қайта тапсырмай-ақ жеткізушіні өзгерте алады. Бұрын алынған ваучердің күші жойылмайды. Егер бұрын төлем мөлшері АЕК мөлшерлемесіне байланысты болса, енді жергілікті атқарушы органдар базалық нормативтің мөлшерін дербес бекітеді. Бұл жалдау ақысы, жалақы, коммуналдық қызметтер, инфрақұрылымның қол жетімділігі сынды нақты аймақтық айырмашылықтарды ескеру үшін жасалды.
«Бесіншіден, дербес деректерді орталықтандырылған қорғау қамтамасыз етіледі. Барлық дербес дерек Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық білім беру базасында орталықтандырылған түрде сақталады», – деп қорытындылады Майра Мелдебекова.