​Балаларға қатыгездік көрсеткен 12 ата-анаға қылмыстық іс қозғалды

0
265

Жасөспірімдерден 50-ге жуық тыйым салынған заттар, оның ішінде екі қару, 39 сұқпалы-кесу заты және алты есірткі заты тәркіленді.


​Балаларға қатыгездік көрсеткен 12 ата-анаға қылмыстық іс қозғалды

Фото: Түркістан облысы полиция департаменті

ERNUR.KZ. 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында елімізде «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп жазады inform.kz.

Ол балалардың құқықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне жол бермеуге бағытталған, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара басталғалы полицияға 13 мыңға жуық жасөспірім жеткізілді, оның ішінде: қылмыс жасағаны үшін 70-тен астам; әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін тоғыз мыңнан астам; қараусыз және панасыз қалған үш мың.
— Полиция түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және көшелерде болған 11 мыңнан астам кәмелетке толмағанды анықтап, ата-аналарына тапсырды. Балаларға алкоголь сатудың 148 фактісі тоқтатылды. Көшелерде мас күйінде 229 бала ұсталды. Қабылданған шаралар балаларға қатысты қылмысты болдырмауды көздейді. Ата-аналарға кәмелетке толмағандардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапты екенін еске саламыз, — деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов.
Іс-шара барысында балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін 1600-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балаларға қатыгездік көрсеткені үшін 12 ата-анаға қылмыстық іс қозғалды. Жастардың құқықтық санасына ықпал ету мақсатында білім беру ұйымдарында 10 ашық сот отырысы өткізілді. Қоғамға жат мінез-құлқы бар 600-ден астам жасөспірім және бала тәрбиесімен айналыспайтын 500-ден астам ата-ана анықталып, есепке қойылды.
Жасөспірімдерден 50-ге жуық тыйым салынған заттар, оның ішінде екі қару, 39 сұқпалы-кесу заты және алты есірткі заты тәркіленді. Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін үш мыңнан астам интернет-сайт анықталды. Оның 600-ден астамы бұғатталды. Әкімдіктерге мектеп жанындағы жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша 1300-ден астам нұсқама берілді. Сондай-ақ балалардың бос уақытын ұйымдастыру туралы 200-ден астам өтініш жолданды.
— Құрметті азаматтар! Балалардың бос уақытын өткізуіне ерекше назар аударуды сұраймыз. Оның қайда және кіммен екенін білу қажет. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда дереу «102» нөмірі бойынша полицияға хабарласыңыз. Ішкі істер министрлігі олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады, — деді Әсет Оспанов.