"Балаларымды ол асырай ма?": дәрігерді зорлаған такси жүргізуші сотта байбалам салды

0
820

Қаскүнем арам ойын іске асырғаннан кейін дәрігердің "Айфон-8" ұялы телефонын тартып алып, көліктен итеріп жіберген.


ERNUR.KZ. Павлодарлық такси жүргізуші көлігіне мінген дәрігер қызды зорлап, тонап кеткені үшін 3 жыл 6 айға сотталды, деп жазады sputniknews.kz.

Қылмыстық іс Павлодар қаласының №2 сотында қаралды. Күдікті екі бап – зорлау және күш қолданып тонау бойынша жауап берді. Соңғы шешімді судья Жұлдыз Тілегенова шығарды.

"Үш жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа деңгейдегі қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Бұдан бөлек, сотталған зардап шеккен қызға бір миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлеп беруге міндетті", - деді Тілегенова.

Сот үкімін естіген сотталушы есірігі ұстап, кабинаның қабырғасын теуіп жіберді. Сосын зардап шеккен қызға тіл тигізе бастады. Ақыры шыдай алмай, кабинадан шығуға әрекеттенді. Осы кезде оны үш полицей ұстап қалды. Сотталушы қоймай: "Енді, менің балаларымды ол асырай ма?", - деп айқайлады.

Жәбір көрген қыз ер адамның қоқан-лоққысына шыдай алмай, сот залынан шығып кетті. Ол жазаны тым жеңіл деп санайды.

Айта кетейік, такси жүргізушісі ескі заңнама бойынша жеңіл жаза алған. Себебі қылмыс өткен жылы жасалған. Сол кездегі тәртіп бойынша ондай қылмыс үшін 3-5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал жаңа жылдан бастап осы санаттағы қылмыстар үшін 5-8 жылға қамалады.

Қылмыстың мән-жайы

Өткен жылы қазан айында "Не молчи KZ" қоғамдық қоры Павлодарда InDriver жүргізушісінің дәрігер қызды зорлап кеткенін хабарлаған болатын.

Оқиға маусымның екісіне қараған түні болған. Дәрігер қыз інісімен бірге кештен шығып, таксиге тапсырыс береді. Әуелі жігітті үйге апарып тастайды да, таксист ары қарай қызды жеткізбек болады. Бірақ мүлдем басқа жолға түсіп кеткен. Дәрігер бірден көлікті тоқтатуды сұрайды. Жүргізуші көлікті кілт тоқтатып, есіктерді құлыптап қояды да, артқы орындықта отырған қызды зорлап тастаған.

"Ол қыздың үстіндегі киімін жыртып, оның жылағанына және аяушылық танытуды сұрағанына қарамай, зорлайды. Арам ойын іске асырғаннан кейін "Айфон-8" ұялы телефонын (бағасы – 280 000 теңге) тартып алып, машинадан итеріп шығарған", - деп жазды әлеуметтік желіде "Не молчи KZ" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.

Таңертең дәрігер қыз құрбысымен бірге полицияға барып, арыз жазған. Ол сараптамадан өтіп, оқиға орнына барып, кешке дейін полиция бөлімшесінде жүреді. Сол күні такси жүргізуші тартып алған телефонды қосқан. Қыз айклауд арқылы геолокацияны көріп, бірден полицияға жіберген. Соның арқасында күдікті қолға түсті.

Қылмыс қалай тергелді?

Бас кезінде күдікті бәрін жоққа шығарды. Алайда артынан қыздан кешірім сұрай бастайды. Жеке-дара сөйлесуді сұраған.

"Сол кезде тергеуші кабинеттен шығып кеткен. Ол түсіністікпен қарауды өтініп, екі баласы барын айтқан. Ертесінде тағы хабарласып, кездесуге шақырған. Ол жерде қайтадан кешірім сұрап, моральдық шығын ретінде 100 мың теңге ұсынады. Қыздың құрбысы бәрін видеоға түсіріп алған", - деді Таңсәрі.

Осыдан кейін қыздың үйіне және жұмыс орнына күдіктінің туған-туыстары келе бастайды. Кешірім жасауды сұрайды, қысым жасайды, қорқытады. Оларға қыздың мекенжайы мен жұмыс орны туралы кімнің ақпарат бергені белгісіз. Ал тергеу шаралары көп уақытқа созылып кетті. Қосымша сараптамалар уақытында жасалған жоқ. Дәрігер қыз прокуратураға шағым түсірген. Қыркүйектің басында тергеуші Сағатов жәбірленушіні тағы жауап алуға шақырады. Бірақ ол жерде күдікті бәрі өзара келісіммен болды деп шыға келген.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, осы оқиға бойынша 2 маусымда қылмыстық кодекстің 120-бабы "Зорлау" бойынша іс, ал 15 тамызда күш қолданып тонау фактісі бойынша тағы бір іс қозғалған. Күдікті ұсталды. Кейін ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

Павлодар облыстық полиция департаменті осы оқиға бойынша ішкі тексеріс жүргізді. Соның нәтижесінде тергеуші қызметінен шеттетілді. Ал басқарманың бірқатар басшысы тәртіптік жазаға тартылды.