"Баламның еміне ақша керек": ШҚО-да зейнеткерлерді алдаған алаяқ ұсталды

0
799

Бесқарағай аудандық полиция бөлімшесіне 89 жастағы зейнеткер жүгінген.


ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында зейнеткерлерді алдаған ер азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп жазады Stan.kz.

Бұл туралы ШҚО полиция департаменті мәліметінше, Бесқарағай аудандық полиция бөлімшесіне 89 жастағы зейнеткер жүгінген. Ол бейтаныс ер адамның "отын әкеліп беремін" деп 55 000 теңге алғанын жеткізді. Алайда ол сол күйі хабарсыз кеткен.

Сонымен қатар, әлгі азаматтың тағы бір зейнеткерді алдап кеткені анықталды.

"72 жастағы зейнеткер өзін әңгімеге тартқан белгісіз біреудің "ұлымның еміне ақша керек" деп көмек сұрағанын айтты. Ойына еш секем келмеген ол алаяққа 20 000 теңге берген. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында 45 жастағы ер адамды қолға түсірді. Белгілі болғандай, ол бұған дейін де сотталған", – делінген ПД хабарламасында.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.