​Баланы көрпемен тұншықтырған тәрбиеші туралы тағы бір құпия анықталды

0
2 317

Қатыгез тәрбиешінің есімі Үміт екендігі белгілі болды.


​Баланы көрпемен тұншықтырған тәрбиеші туралы тағы бір құпия анықталды

ERNUR.KZ. Тамыз айының соңында Теміртауда жекеменшік балабақша тәрбиешісінің жылаған баланы көрпемен тұншықтырған видеосы әлеуметтік желі арқылы тарап, қоғамды үлкен резонанс тудырған болатын. Қатыгез тәрбиешінің есімі Үміт екендігі белгілі болды, деп жазады Baq.kz.

Балабақшада тәрбиешісімен бірге жұмыс істеген қала тұрғынын тауып, Үміттің қандай маман екендігі сұралды.

«Ғаламтор арқылы тараған видеодағы тәрбиешінің бір кездері қызметтес болған Үміт екендігін бірден таныдым. Осыдан 2 жыл бұрын Үмітпен мемлекеттік балабақшада шамамен бір жылдай бірге жұмыс істедік. Біртоға, көп сөйлемейтін әйел болатын. Кейіннен мен отбасылық жағдайыма байланысты жұмыстан шығып кеттім. Үміт те менен кейін ол балабақшадан кеткен екен», - дейді Теміртау тұрғыны Асыл Қалдыбаева.

Оның айтуынша, Үміт мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемесінде бала күтушісі болып жұмыс істеген, яғни балалардың тәрбиесімен емес, олардың күтімімен айналысқан.

«Оның жекеменшік балалар бақшасында тәрбиеші қызметін атқарғанын естігенде таңдандым. Себебі, менің білуімше оның тәрбиеші болуы үшін арнайы білімі жоқ болатын», - дейді А.Қалдыбаева.

Еске салайық, Теміртаудағы «Домик» жекеменшік балабақшасында тәрбиеші жылаған баланы көрпемен тұншықтырып, уатпақ болған. Оның бұл ісін бала күтушісі таспаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеген. Аталған оқиғаға байланысты облыстық ІІД қылмыстық іс қозғаған болатын.