"Барымыздан айырылдық": Ақтөбеде Ехоба куәгерлерінің діни ұйымына алданған тұрғындар бас көтерді

0
1 451

Діни ұйым өкілдері адамдардың психикасына Інжіл кітабы арқылы әсер етіп, артынша жиған-тергенін, тіпті, кейбірінің баспанасына дейін тартып алыпты. ​


ERNUR.KZ. Ехоба куәгерлерінің діни ұйымына алданып, барымыздан айырылдық. Ақтөбе тұрғындары осылай деп бас көтерді, деп жазады stan.kz.

Юлия Ерославцева есімді әйелдің сөзінше, осыдан бес жыл бұрын әжесі Ехоба куәгерлерінің діни ұйымына кірген. Содан бастап мінезі мен үйіндегі адамдарға деген көзқарасы өзгере бастаған. Сорақысы сол, әжесі өздерінің басындағы жалғыз баспананы діни ұйымға заң жүзінде сыйлап, арада 10 күн өткеннен кейін қайтыс болыпты.

«Мен адамдарға бұл ұйымның өтірік екенін айтқым келеді. Айтатындарының бәрі жалған. Бұл ұйымның адамдары – қатыгез. Адамдардың үйлерін тартып алады. Мен өзім зардап шектім. Інжіл деп жұртқа тарататындары көшіріп алынған. Енді әжемнің аударып беріп кеткен үйін қайтара алмай отырмын. Екі баламмен далада қалдым», - дейді Юлия Ерославцева.

Тұрғындардың сөзінше, діни ұйымның арбауына түсіп, сан соққандар көп. Тек айтуға қорқады, дейді.

«Көбінесе үлкен, қараусыз қалған адамдарды алдайды. Балаларына, отбасына қарсы қояды», - дейді Аман Айтуған есімді тұрғын.

Алайда «Біз Ехова куәгерлерінің діни ұйымына қарсымыз» деп айқай салып келгендерге ұйымның өкілі ашуланып, бірден полиция шақыртты. Оның айтуынша, ұйым ешкімді алдап, ала жібін аттаған емес.

«Мұның бәрі ойларынан шығарып алған сандырақтары. Біз ешкімді алдаған жоқпыз. Бізге қарсы шыққан түрлері. Мысалы, қарсы шыққандардың бірі бізге қарсы үш рет қылмыстық іс қозғатқысы келді. Алайда еш негіз жоқ деген жауап келді», - дейді Ехоба куәгерлерінің діни бірлестігінің өкілі.

Жиналғандар елімізде осы ұйымның жұмысына шектеу қойылса екен дейді. Олардың сөзінше, «Құдайды көрдік» деп жұртты алдағандар ұйымға кіргендердің психикасына Інжіл арқылы әсер етіп, халықты тонап жатыр.