Бас прокуратура кейбір қазақстандықтарға ескерту жасады

0
1 115

Бас прокуратура азаматтарды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға, арандатуға бой алдырмауға, жалған хабарламаларға ден қоймауға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.


Бас прокуратура кейбір қазақстандықтарға ескерту жасады

Қазақстанның Бас прокуратурасы БАҚ пен әлеуметтік желілерде арандату және жалған материалдарды тарату жағдайлары туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жааап.

"Соңғы кездері БАҚ пен әлеуметтік желілерде арандатушылық және жалған материалдарды тарату жағдайлары жиілеп кетті. Мұндай ақпараттық хабарлар вакциналау мен босқындардың келуінен бастап, тіл мәселесіне дейінгі әртүрлі тақырыптарды қамтиды. Жалған жарияланымдар болып жатқан оқиғаларды бұрмалайды, халықты жаңылыстырады", - делінген ведомство хабарында.

Мысал ретінде прокуратура жекелеген адамдар дәрігерлер мен ғалымдардың құзыретті пікірлерін елемей, COVID-19-ға қарсы вакциналардың қауіпі мен тиімсіздігі туралы негізсіз жариялайтынын келтіріп отыр.

"Кейбіреулер Конституцияда кепілдік берілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына – шығу тегіне, ұлтына және тіліне байланысты кемсітушілікке жол берілмейтініне ашық түрде қол сұғады. Сонымен қатар аталған құқықтар мен бостандықтарды бұзу және шектеу, көрінеу жалған ақпарат тарату Қылмыстық кодекстің 145, 174, 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады", - делінген мәлімдемеде.

Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға, арандатуға бой алдырмауға, жалған хабарламаларға ден қоймауға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.