Биыл жыл басынан бері 252 бала стационарларда емделген. Қазіргі таңда 6 жасөспірім стационарларда ем қабылдап жатыр.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында оқу жылы басталғанлы бері 498 оқушыдан коронавирус анықталды, деп жазады ҚазАқпарат.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 74-і оқу процесінің басталуына байланысты емес.
Оның сөзіне қарағанда, 151 бала өз отбасында індетті бұрын ауырған жақындарынан жұқтырған.
Биыл жыл басынан бері 252 бала стационарларда емделген. Қазіргі таңда 6 жасөспірім стационарларда ем қабылдап жатыр.
Сондай-ақ қыркүйек айында 84 педагогтың ауырғаны тіркелді.
«Күні бүгін 27 мектепте 36 сыныптың оқушылары мен мұғалімдерін және 8 балабақшада 8 топты үй карантиніне көшіру туралы 32 қаулы шығарылды. Мектептер мен басқа да оқу орындарында ұстаздар, шәкірттер, студенттер мен қызметкерлер арасында күн сайын мониторинг жүргізілуде», деді М.Арыспаев.
Департамент басшысының айтуынша, қыркүйек айында 2469 адамнан індет табылса, соның 1969-ы – вакцина алмағандар.
Жыл басынан бері 28 251 науқас тіркелді.
Соңғы аптада (24-30 қыркүйек) алдыңғымен салыстырғанда, коронавирус жұқтыру деңгейі 23,5 пайызға (526-дан 402-ге) төмендеді.
Облыс бойынша барлығы 66 екпе пункті жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін 221 246 адам (61,46 пайыз) вакцинаның бірінші, 197 111-і (54,75 пайыз) екінші компонентімен егілді.
М.Арыспаев өңір сары аймақта болғанымен, жағдайдың әлі де күрделі екендігін жеткізді. Вакцинациялау қарқыны төмен, осыған байланысты тұрғындарды өз денсаулығына енжар қарамай, екпе алуға шақырды.