Облыста санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты ма?
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында өткен жылы бірқатар жұқпалы дертке шалдыққандар саны өскені тіркелді, деп жазады inbusiness.kz.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, қызылшамен 1 302 адам ауырып, алдыңғы жылғыдан (477) 2,7 есеге асып түсті.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, сырқаттанғандардың 822-сі немесе 63,1 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар, 164-і немесе 12,5 пайызы – 1 жасқа дейінгі сәбилер. 796-сы немесе 61,1 пайызы – екпе салдырмағандар.
“ Сол секілді көкжөтелге шалдыққандар 52-ге жетіп, 2023 жылғыдан (12) 4,3 есеге көбейіп кетті. Мұның 51-і – 14 жасқа дейінгілер, біреуі – ересек адам. Балалардың 48-і немесе 92,3 пайызы екпе алмаған. Дегенмен, биылғы қаңтарда аурушаңдықтың төмендегені байқалады. Қызылшамен 2, көкжөтелмен 3 адамның науқастанғаны тіркелді”, – дейді Н.Мұстаев.
Оның айтуынша, 2024 жылы сондай-ақ эпидемиялық паротитпен 3 (2023 жылы – 0), менингококк жұқпасымен 3 (2023 жылы – 1) адам ауырған.
“Жалпы, облыста санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Топтық аурушаңдық деректері болған жоқ. Тырысқақ, құтыру, оба, іш сүзегі, қызамық, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, безгек және ботулизм жағдайлары тіркелмеді. Өңірде өткен жылы 15 жұқпалы аурумен сырқаттанғандар саны азайды”, – деді Н.Мұстаев.