Эпидемиологиялық маусым басталған 1 қазаннан бері облыс бойынша 71 783 адамның ЖРВИ-мен ауырғаны тіркелген.
Фото: pexels.com
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында 4 адам метапневмовируске шалдықты, деп жазады inform.kz.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, олардың бәрі – 14 жасқа дейінгі балалар. Қазіргі кезде түгелдей жазылып шықты.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, тұмау тәріздес емес вирустардан сондай-ақ аденовирус (10 адам), риновирус (35), боковирус (9), парагрипп (14), РС-вирус (17) пандемиялық емес коронавирус (11) анықталды.
- Эпидемиологиялық маусым басталған 1 қазаннан бері облыс бойынша 71 783 адамның ЖРВИ-мен ауырғаны тіркелді, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда, 28,7 пайызға кем. Осының басым көпшілігі немесе 50 262-сі – 14 жасқа дейінгілер. Бұлардың арасында бір жасқа дейінгі 1 644 сәби бар. Сондай-ақ 462 жүкті әйел, 177 мектептен 3 471 оқушы сырқаттанған. Дегенмен қазіргі уақытта оқушыларының 30 пайыздан астамы ауырған мектептер жоқ, - деді Н.Мұстаев.
Оның айтуынша, тұмаудың А типті түрімен (H1N1 штаммы) немесе шошқа тұмауымен 61 адам ауырса, соның бесеуі – жүкті әйелдер, 18-і – 0-4 жастағы балалар, 22-сі – 4-15 жас, 8-і – 15-29, 13-і – 30-64 жас аралығындағылар.
- Жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралуына жол бермеу үшін оның алғашқы белгілері байқалған сәтте-ақ міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Күні бүгін барлық медициналық ұйымдарда бетперде тағу режимі енгізілді және емханаға барған кезде бірден фильтр кабинеттеріне өту керек. Басқа да талаптарды сақтаған жөн, - деді Н.Мұстаев.