Батыс Қазақстанда тағы да сұйытылған газ жетіспей жатыр

0
1 787

Ай сайынғы қажеттілік 5,5 мың тонна болса, қордағы газ үш күнге жетеді.


Батыс Қазақстанда тағы да сұйытылған газ жетіспей жатыр

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында тағы да сұйытылған газ жетіспей жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәйдің мәлім еткеніндей, бұл Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ақауларына байланысты жұмысты 1 ақпаннан бастап тоқтатқанына байланысты болып отыр.

«Бізге түскен ақпаратқа қарағанда, жөндеу жұмысы кемінде екі аптаға созылады делінгенімен, одан ұзап кетуі мүмкін. Соның салдарынан өңірде 100-ден астам автогаз құю стансаларында сұйытылған газ тапшылығы қалыптасып отыр. Облыс сонымен қатар «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан сұйытылған газ алады. Мәселені шешу үшін «Жайықмұнай» ЖШС-мен 1300 тоннаға дейін сұйытылған газ алуға келісім жасалды. «Алау», «Тәуекел» ЖШС секілді жергілікті газ тасымалдаушылар «Жайықмұнайдан» кешеден бастап ала бастады. Осы бағытта «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен де келіссөз жүргізіліп жатыр. Жалпы, Атырау мұнай өңдеу зауыты БҚО ғана емес, Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлеріне сұйытылған газ жөнелтеді. Сондықтан ол аймақтарда да тапшылық байқалуы мүмкін», - деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Мүлкәй.

Аталған басқарма басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде нақтылағанындай, облыстағы сұйытылған газдың қоры 550 тоннаны құрайды. Ай сайынғы қажеттілік 5,5 мың тонна болса, қордағы газ үш күнге жетеді.

Оның сөзіне қарағанда, Атырау мұнай өңдеу зауыты бүгін күн сайын БҚО-ға тәулігіне 50 тоннаға дейін сұйытылған газ жеткізуді қайта бастаған.

Орал қаласында Жәңгір хан көшесі мен Орал-Саратов күре жолының қиылысында орналасқан «Секвойя Инвест» ЖШС-ның автогаз құю стансасында сұйытылған газ тек талонмен босатылуда. Стансадағы аталмыш ЖШС өкілі бұл мәселенің қашан шешілетінін айта алмады.

«Үнемі осы стансадан сұйытылған газды құйдыратын едім. Талоным жоқ, енді не істерімді білмей тұрмын. Қалада азын-шоғын жерлерде ғана бар деп жатыр. Газ мәселесі осы айдың ортасында шешіледі деп айтуда», деді аты-жөнін атамауды өтінген жүргізуші.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сұйытылған газдың жетіспеушілігі байқалып отырғанын жазған болатынбыз.