Батыс Қазақстанда үйлеріне оралған ауыл тұрғындары қайтадан эвакуацияланып жатыр

0
435

Бөгет бұзылмады, бірақ су қоймасына су келіп түскен.


Батыс Қазақстанда үйлеріне оралған ауыл тұрғындары қайтадан эвакуацияланып жатыр

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында эвакуацияланған ауыл тұрғындарын бүгін қайтадан қауіпсіз аумаққа шығаруға тура келді, деп жазады sputnik.kz.

Бір күн бұрын Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті Теректі ауданындағы Ұзынкөл су қоймасына егіс алқаптарынан тым көп судың келгенін хабарлады. Соның салдарынан су қоймасы толып кету қаупі туындады. Құтқарушылар тұрғындарды алдын ала эвакуациялауға кірісті. Содан кейін Ұзынкөл, Юбилейный, Кемер, Жаңа өмір және су қоймасынан төмен орналасқан Барбастау ауылдарына су басу қаупі төнді.
"Жалпы 705 адам эвакуацияланды, оның ішінде 230 бала бар. Эвакуациялау кезінде 112 адам мен 39 техника жұмылдырылды. Қазір бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілуде. Су қоймасы жарылған жағдайда бес ауылды су басу қаупі сақталады. Еріген қар суы басылды, эвакуацияланғандар үйлеріне қайтып жатыр", - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті.
Алайда Ұзынкөл ауылының тұрғындары ауылдастарының біразы үйлеріне кеше қайтса, біразы үйлеріне бүгін келгенін айтты.
"Жаңа қайтып келдік, су ауылға жетіп, көтеріліп жатыр. Шеттегі көшеге кіріп те кетті. Ең қызығы, бізді қайтадан көшіріп жатыр. Бәлкім бөгет бұзылған шығар", - дейді Ұзынкөл тұрғыны.
Ауылда эвакуация тағы басталды деген ақпаратты ауылдық округ әкімдігі растады. Бөгет бұзылған жоқ, деп хабарлады әкімдік, су қоймасына су құйылып, су Ұзынкөл ауылына жеткен.