Сотталушы кінәсін мойындамады және барлық жауапкершілікті қызметкерлеріне артпақ болды.
ERNUR.KZ. Оралда үш адамның өмірін жалмаған жарылысқа кінәлі деп танылған "Rizyq" дәмханасының басшысына сот үкімі шықты, деп жазады sputnik.kz.
Қайғылы оқиға осы жылдың 4 қаңтарында болды.
"Rizyq" дәмханасының басшысы газ жабқытарын қолдану ережесін бұзғаны, салдарынан жарылыс болып, ғимараттың бір бөлігі құлағаны анықталды.
"Оқиға салдарынан үш адам қаза болып, бес адам әр түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды", - деп жазылған хабарламада.
Сот отырысы барысында сотталушы кінәсін мойындамады және барлық жауапкершілікті қызметкерлеріне артпақ болды.
Алайда сот сотталушыны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Ол сондай-ақ 3 жыл бойы мекемелерде әкімшілік-шаруашылық және ұйымдастырушылық қызметпен айналыса алмайды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.