Баян Алагөзова жарнамалаған қаржы пирамидасының басшысы ұсталды

0
563

​Алматыда ірі қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды. Іздеу жұмыстары жалғасып жатқан бұл іске тағы бір қазақстандықтың қатысы болуы мүмкін.


Баян Алагөзова жарнамалаған қаржы пирамидасының басшысы ұсталды

ERNUR.KZ. Алматыда ірі қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды, деп жазады sputnik.kz.

Бұл туралы Алматы полиция департаменті бастығының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рүстам Әбдірахманов мәлімдеген.

"1982 жылы туылған К. деген азамат ұсталды. Күдікті қамауға алынды", - дейді Әбдірахманов.

Ұсталған адамға қатысты қылмыстық кодекстің 217-бабы үшінші бөлігінің екінші тармағы бойынша ("қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару, адамдар тобымен алдын-ала сөз байласу арқылы ақша немесе басқа мүлікті ірі көлемде тарту арқылы, өзінің қызметтік жағдайын пайдалану") тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

"Бұған дейін бір топ азамат полицияға "Astex.kz" ЖШС, "ACD technology" ЖШС және "Mudaraban Capital" ЖШС басшыларына қатысты қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша ұжымдық өтінішпен жүгінді", - деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары.

Тергеу барысында аталған компаниялардың лауазымды тұлғалары қаражат тарту үшін жеке және заңды тұлғалармен бірлескен қызмет туралы келісімшарттар жасағаны анықталды.

Бұл қаражат мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін алынады деп айтқан. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар әр салымшыға ай сайын енгізілген соманың 20%-ін төлеуі керек болған.

"Сонымен қатар, 160 салымшыдан 1 миллиард теңгеге жуық қаражат "Astex.kz" ЖШС-не оның агенттік компаниясы "Mudaraban Capital" ЖШС арқылы түскені анықталды. "Astex.kz" және "ACD technology" ЖШС-не салымшылардан ақша ағыны түсіп отырған басқа да компаниялар анықталды", - деді Әбдірахманов.

Ол қаржы пирамидасын құрды және басқарды деген күдікке 1974 жылы туылған тағы бір азамат күдікке ілінгенін айтты. Қазіргі уақытта полиция оны іздестіріп жатыр. Тергеу жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандықтарды алдаған Astex.kz инвестициялық компаниясы төңірегіндегі шу желіде қызу талқыланып жатыр. Компанияны Баян Алагөзова, сондай-ақ басқа да қазақстандық вайнерлер жарнамалады.

"Расымен де компанияға қатысты түсініксіз жағдай болып жатыр. Бұл үш жыл бұрын, 2019 жылы болған оқиға. Мен сол кезде екі жас жігітпен таныстым. Екеуі ағайынды екен. Тәрбиесі дұрыс, мәдениетті жігіттер сияқты көрінді. Олар менен нарықта жұмыс істеп жатқан компанияларын жарнамалап беруді сұрады. Олардың келісімшартын қарап, жұмысына разы болған клиенттерін көрдім. Қысқасы, дұрыс компания екеніне менің көзімді жеткізгендей болды. Ол кезде шынымен де солай болатын", - деді Алагөзова.