Bek Air компаниясының тағдыры 20 қаңтарда шешіледі

0
655

«Bek Air» Қазақстанның авиациялық әкімшілігін пайдаланушы сертификатын қабылданған шешім туралы хабардар етпей және себебін көрсетпей тоқтатты деп айыптаған болатын.


Bek Air компаниясының тағдыры 20 қаңтарда шешіледі

ERNUR.KZ. Дүйсенбі, 20 қаңтар күні «Bek Air» әуе компаниясының алдағы тағдырына қатысты түпкілікті шешім қабылданады. Бұл жайында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры Питер Гриффитс айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Комиссиямен сөйлестім және келесі дүйсенбіде Bek Air болашағына қатысты түпкілікті кесімді күтуге болады. Аталған әуе компаниясының сертификаты (IOSA сертификаты) болмаса да ұшақтарды пайдалана беруін жалғастыруы бұл компанияда бірдеңенің дұрыс болмағандығын дәлелдейді. Сондықтан да әуе компаниясының қалай жұмыс істегендігіне қатысты тергеуді бастау туралы шешім қабылдадым. Қысқа ғана уақыттың ішінде 2 тосын оқиға болды және бұл - алаңдатарлық жайт. Біз бұл әуе компаниясы авиациялық қауіпсіздіктің барлық талаптарын қалай сақтағанын және мұның барлығын қалай бақылағандығын тексеруге тырысамыз», - деді Питер Гриффитс сұхбат барысында.

Айта кетейік, «Bek Air» Қазақстанның авиациялық әкімшілігін пайдаланушы сертификатын қабылданған шешім туралы хабардар етпей және себебін көрсетпей тоқтатты деп айыптаған болатын. Осы айыптауға жауап берген Қазақстанның авиациялық әкімшілігі пайдаланушы сертификатының қолданылуын тоқтата тұруға «Фоккер-100» ұшағының апаты себеп болғанын айтқан.

«Бұл туралы 2019 жылғы 27 желтоқсанда «Bek Air» АҚ атына жіберілген РД270510 радиограммасында тікелей көрсетілген. Мұндай шешім «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға сәйкес қабылданды. Онда сертификаттың қолданылуы ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін заңнама талаптарының елеулі бұзылуы анықталған кезде шектелетіні көрсетілген. Сондай-ақ бұл шара жоғарыда көрсетілген қағидалардың талаптарын негізге алады. Оған сәйкес уәкілетті ұйым пайдаланушы сертификаттық талаптар мен шектеулерді сақтамаған жағдайда пайдаланушы сертификатының қолданылуын тоқтата тұрады» делінген таратылған ақпаратта.