​Бекшин шетелге саяхатқа шыққанда инфекциядан сақтану әдістерін айтты

0
1 631

Ал Еуропада қазір қызылша ауруы өршіп тұр.


​Бекшин шетелге саяхатқа шыққанда инфекциядан сақтану әдістерін айтты

иллюстрациялық фото: qazaly.kz

Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин қазақстандықтарға шетелге саяхатқа шыққанда инфекциядан сақтану шаралары жөнінде кеңес берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

«Шетелге саяхатқа шығу кезінде инфекциялардың алдын алу ережелерін мұқият сақтау керек. Қазақстандықтар Таиландқа көп барады. Денге безгегін Таиландтан алып келген жағдайлар болған. Бұл безгекті Таиландтан басқа, Вьетнам, Үндістаннан және оңтүстік-шығыс Азия елдерінен жұқтыру қаупі бар. Денге безгегін тасымалдаушы маса болатындықтан, саяхатқа шыққанда дұрыс киіну қажет. Яғни, киім түсі ақшыл болса, маса, кене сияқты жәндікті көру оңай болады. Сонымен қатар, мұндай жәндіктерді жақындатпайтын жақпамайларды өзімен бірге алып шығу керек. Киімнің жеңі де, балағы да ұзын болғаны дұрыс», - деді Бекшин.

Санитарлық дәрігер саяхатта жүргенде тамақ мәселесіне аса назар аудару керектігін айтты.

«Теңіз тағамдарынан аулақ болған жөн. Сонымен қатар, көшеде сатылатын сусындар да қауіпті. Себебі, сусынды салқындатуға арналған мұздың лас судан дайындалуы жиі кездеседі», - деді ҚР ДСМ төрағасы.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Еуропаға саяхатқа шыққан қазақстандықтар қызылша ауруын жұқтыру қаупінің жоғарылығын ескерулері керек екенін айтты.

«Қазақстандықтар Еуропаға саяхаттауды да ұнатады. Ал Еуропада қазір қызылша ауруы өршіп тұр. Бүгінгі күні 5 мыңға жуық ауру жұқтыру фактісі тіркелген және бірнеше ондаған адам көз жұмды. Украинада 20 мыңға жуық дәл осындай факті тіркелсе, 11 бала қызылшадан қайтыс болды. Дифтерия ауруы да тіркеліп отыр. Сол себепті, бұл ауруларға қарсы екпе алмаған балаларды аталған мемлекеттерге алып баруға болмайды. Ата-аналар осыны есте ұстаулары керек», - деген Бекшин Оңтүстік Америкаға сапар шегу кезінде де сақ болуды айтты.

Бұған дейін Бекшин жаз мезгілінде микроағзалар тез дамитын аса қауіпті тағамдар тобын атаған болатын. Сондай-ақ, ол қазақ халқы той жасауға арналған мейрамхананың асханасына емес, залдың сән-салтанына назар аударатынын айтқан болатын.