Шығыстанушы бұл видеоны өзін тұқыртып алғысы келген адамдар желіге салғанын, бірақ оларынан түк шықпағанын айтады.
ERNUR.KZ. Өткенде әлеуметтік желіде бір үй ішінде жап-жас балалардың отырып алып, басын шайқап, зікір салған видеосы тараған. Бұл үйдің кімге тиесілі, видеодағы кімнің балалары екендігі белгілі болды, деп жазады Zakon.kz.
Видеода шығыстанушы Санжар Керімбай бала-шағасымен зікір салып отырған болып шықты. Мұны Санжар Керімбайдың өзі журналист Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасына берген сұқбатында айтты.
Оның пікірінше, бұл видеоны өзін тұқыртып алғысы келген адамдар желіге салған, бірақ оларынан түк шықпаған.
"...Сенің қарсы тарапың болады, сені сүймейтін, жақтырмайтын адамдар болады. Олар сенің әлсіз жерінен ұстауға тырысады. Сен ұстатпауға тырысасың дегендей. Олар оны мені тұқыртып алу үшін пайдаланбақшы болды, бірақ бәрібір оларынан түк шыққан жоқ. Бұл – өмір заңы. Мен өз үйімде, қарашаңырағымда бала-шағаммен Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерін айтып отырмын. Ол - бір мәдениеттің түрі. Мен күніге отбасыммен осылай зікір саламын, нақтысында зікірді жіберіп алмауға тырысамын", - дейді ол.
Ол бұл мәдениеттің қазақта бұрыннан болғанын, оның жат ағымдарға ешқандай қатысы жоқ екенін баса айтады.
"Жалпы, бұл мәселе Қазақстанда қиын. Бізде діни адам көрсе, дінге қызығатын адам көрсе шошып кетеді. Әбден соған келді, үгіт-насихат соған алып келді. Түркия біздегідей геноцид көрмеген ғой.Эволюция көрмеген. Мұндай жайт оларда жап-жақсы қабылдана береді. "Зікір айтып отырсыңдар ма, ауылда осыны бізде айтушы едік, өткенде Айт намазында айтқанбыз" деп оған жәй қарайды. Дауыс естіліп тұра береді. Олар одан шошымайды да. Өйткені оларда діни дәстүр үзілмеген. Ленин келіп, төңкеріп тастаған жоқ оларды", - дейді Санжар Керімбай.
Бағдарлама барысында Санжар Керімбай өзінің Түркияда білімін жетілдіріп жатқанын, Қазақстандағы балалар суицидімен күресу үшін маманданып жатқанын айтады.