"Бір адамға – екі бөлкеден": павлодарлық дүкендердің бірінде нан сатып алуға шектеу қойылды

0
139

Бүгінде мәселе шешімін тапты.


фото: pixabay

ERNUR.KZ. Осыдан біраз күн бұрын кей тұрғындар әлеуметтік желі арқылы сауда желілерінің бірінде екі бөлкеден артық нан алуға болмайтыны туралы хабарландырудың пайда болғанын жазып, шағым білдірген еді, деп жазады inbusiness.kz.

Мәселе әлеуметтік нан деп саналатын бірінші сұрыптан дайындалған "ас атасына" қатысты болып отыр. Сауда желісінің өкілдері бір бөлкесі 95 теңге тұратын бұл өнімді бір адам екі бөлкеден артық алмауы тиіс деген талап қойған. Жергілікті әкімдік тұрғындардың шағымынан соң сауда желісінің басшылығымен сөйлесіп, жағдайды реттеді.

"Қазіргі уақытта әлеуметтік нанды сатуға қатысты ешқандай шектеу жоқ. Емін-еркін сатып алуға болады. Бағасы 96 теңгеден аспайды. Тұтынушыға қанша бөлке нан керек болса, соншасын ала алады", - деп түсіндірді Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батыр Мүтәлапов.

Сауда желісінің мұндай шектеу енгізуіне дайын өнім көлемінің аздығы себеп болған көрінеді. Сондықтан өндіріс көлемі екі еседен артық көлемге артты. Бұған дейін тәулігіне 500 бөлке пісірілсе, енді 1350 нан дайындалады. Бұл да – соңғы көлем емес. Батыр Мүтәлаповтің сөзінше, тұтынушылардың сұранысына қарай көлемді одан әрі ұлғайтуға болады.

Жалпы, облыс орталығында наубайханалардан бір бөлке нан 110 теңгеден босатылып, сауда сөрелеріне 125 теңгеден қойылады. Өңірдегі бұл орташа баға жалпыреспубликалық бағадан төмен. Әзірше өнім бағасы тұрақты, жыл басынан бері өзгерген жоқ.