Ішкі істер министрлігі көші-қон бойынша 23 халықаралық келісімді бекітіп, халықаралық деңгейде тағы да 9 келісім дайындап жатыр екен.
ERNUR.KZ. Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан мен Беларусь арасында қос азаматтыққа жол бермейтін келісім ратификацияланды, деп жазады baq.kz.
Бүгін отырыста «Қазақстан Үкіметі мен Беларусь Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.
Қазақстан Үкіметі мен Беларусь Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге 2019 жылғы 25 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылған.
Бұл құжат – азаматтық туралы статистика мен ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Екіншіден, азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Үшіншіден, екі ел Үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді. Төртіншіден, Қазақстан мен Беларусь заматтарының құқықтық мәртебесі анықталады. Бесіншіден, көші-қон саласындағы қылмыстармен күресіп, заңсыз каналдарды жоюға болады, - дейді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі көші-қон бойынша 23 халықаралық келісімді бекітіп, халықаралық деңгейде тағы да 9 келісім дайындап жатыр екен.
Осы құжаттардың нәтижесінде заңсыз көші-қон бойынша ақпарат алмасу жолға қойылады, адамдарды басқа елдерге қайтару мәселесін шешеді. Сонымен қатар, шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі анықталады әрі қос азаматтыққа жол бермеу тетіктерін қамтиды,- деді министр.
Ал сенатор Рысбай Әбдікеровтің айтуынша, заңсыз көші-қон проблемасы біздің елімізде де барған сайын айқын көріністерге ие болып, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.
Ресми статистикаға қарасақ, 2019 жылы Қазақстанға 6 миллионнан астам шетелдік кірсе, оның 32 мыңға жуығы – Беларусь Республикасының азаматтары. Ал әкімшілік жазаға 94 мың шетелдік тартылса, олардың 76-сы Беларусь азаматтары. Осы тұста бүгінгі қарастырылып отырған келісім өзекті және уақытылы деп айтуға болады. Келісімді ратификациялау ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге, сондай-ақ екі ел арасындағы достық пен әріптестік қарым-қатынастарды дамытуға және көші-қон саласында қалыптасқан екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді, - дейді депутат.