Ulysmedia коллажы
ERNUR.KZ. Қазақстанның кейбір банктері қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға берілетін ипотекалық несиелерге өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты, деп жазады ulysmedia.kz.
Қайталама тұрғын үй нарығына ипотекалық өтінім қабылдауды уақытша тоқтатқан банктер қатарында Halyk Bank, Банк ЦентрКредит және Freedom Bank Kazakhstan бар.
Аталған қаржы ұйымдарында қазір тек бастапқы тұрғын үйге ипотека беріледі. Алайда бұл барлық құрылыс компанияларымен емес, тек жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 20%-дан аспайтын серіктес-құрылыс компаниялар бойынша ғана іске асырылады.
Банктер бұл шектеудің қашан және қандай шарттармен жойылатынын кейін нақтылайтынын хабарлаған.
2025 жылы 16 маусымнан бастап тұрғын үй несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілді. Бұл өзгеріс ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен қаулысына сәйкес күшіне енді.
Бұған дейін Қазақстанда екінші деңгейлі банктер үшін тұрғын үй жинақ нарығын ашу ұсынылған болатын.