Бұдан бөлек, ұлттық біліктілік тестінің қорытындысына қарай 50 процентке дейінгі үстемақы қарастырылып отыр.
ERNUR.KZ. Ағымдағы жылы қыркүйек айынан бастап жаңартылған білім бағдарламасы бойынша сабақ беретін 4, 9 және 10-сынып мұғалімдерінің жалақысы 30 процентке артады, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл - ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтырғы Жолдауы аясында берген тапсырмасы. Айта кетейік, өткен жылдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялаған болатын. Аталған құжатта Тұңғыш Президент жаңартылған білім бағдарламасына көшкен мектеп мұғалімдерінің жалақысын 30 процентке көтеруді тапсырған болатын. Бұдан бөлек, ұлттық біліктілік тестінің қорытындысына қарай 50 процентке дейінгі үстемақы қарастырылып отыр.
Осы шараларға республикалық бюджеттен 67 миллиард теңге бөлінді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоспарына сәйкес, былтыр алдымен 1, 2, 5 және 7-сынып мұғалімдерінің айлығы 30 процентке көтерілді. Ал қыркүйекте 3, 6 және 8-сынып ұстаздары жалақыны үстемақымен ала бастады. Биыл қыркүйек айынан бастап 4, 9 және 10-сынып мұғалімдерінің жалақысы көбейсе, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің ақшасы өседі деген жоспар бар.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, осы уақытқа дейін 221 388 мұғалімнің жалақысы көтерілді. Биыл тағы 95 106 мұғалімнің еңбекақысы 30 процентке артады. Олар - 4, 9 және 10-сынып мұғалімдері.
«Осылайша, ағымдағы жылы жаңартылған білім бағдарламасы үшін 30 проценттік үстемақыны алатын мектеп мұғалімдерінің саны 316 494-ке жетеді. Енді, келесі жылы тағы 23 мыңдай (11 сынып мұғалімдері - авт.) мұғалім бар. Сосын ұлттық біліктілік тестін тапсырып, еңбекақыны 50 процентке дейін көтеруге де мүмкіндік бар», - деді Б.Асылова.
Бұдан бөлек, Nur Otan партиясының биылғы съезінде ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айлығы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 30 процентке көтеруді тапсырған болатын. Олардың ішінде орта білім қызметкерлері де бар.
«Қазіргі кезде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы кестені жасап жатыр. Сонда нақты коэффиценттер көрсетіледі. Алайда проценттік көрсеткіштер әртүрлі болады. Енді, өткен жылы мұғалімдердің жалықысын 30 процентке көтердік қой. Қазір орташа айлықтың көлемі 160-190 теңгенің шамасында. Бірақ бізде балабақша тәрбиешілері, мектеп пен балабақша директорлары бар ғой. Осы санаттағы мамандардың жалақысы коэффицентіне қарай 30 процентке дейін көтеріледі. Сосын техникалық персоналдың айлығы да көтерілмек», - деп атап көрсетті Б.Асылова.