Батыс Қазақстан облысының экономикасы тұрақты даму динамикасын сақтап келеді.
ERNUR.KZ. Инвестициялар көлемі артып, шағын және орта бизнеске қолдау күшейтілді. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткізілді. Биыл да экономиканың өсу қарқыны сақталуда. Атап айтқанда, құрылыс саласындағы жұмыстар көлемі 9%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 4,1%-ға артып, негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,2%-ға өсті. Бұл туралы өңір әкімі Нариман Төреғалиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, ішкі сауда көлемі 0,7%-ға, көлік қызметтері 1,2%-ға, байланыс қызметтері 6,2%-ға, өнеркәсіп 3,6%-ға, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6,4%-ға артты. Өткен үш жылда жалпы өңірлік өнімнің көлемі 4,4 трлн теңгеден 4,7 трлн теңгеге немесе 6,5%-ға өсті. Облыс бюджеті 33,5% ұлғайып, 475 млрд теңгеден 634 млрд теңгеге жетті.
«Мемлекеттік бюджетке 1,6 трлн теңге түсті, оның ішінде 597 млрд теңге жергілікті бюджетке, ал 990 млрд теңге республикалық бюджетке бағытталды. Сонымен қатар Ұлттық қорға 2,8 трлн теңге аударылды. Орташа айлық жалақы 316 мың теңгеден 369 теңгеге немесе 16,6%-ға артты. Өңір экономикасының басым бағыттарына мұнай-газ, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы және агроөнеркәсіп кешені жатады. Аталған салаларда 30 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар ішкі нарықты бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарыққа да экспорттайды», – деді өңір басшысы.
Биыл облысқа 567 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Оның 80%-ы немесе 453 млрд теңгесі – жеке сектордың үлесі. Алдағы бес жылда 4,4 трлн теңгеге 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 73 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Өңдеу өнеркәсібі – облыс экономикасын әртараптандырудағы стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Аталмыш саланы жүйелі түрде дамыту өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және экономикалық өсімді тұрақты негізде қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп келеді. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 17%-ға өсіп, 303 млрд теңгені құрады.
Тікелей шетелдік капиталды тарту мақсатында Чехия, Ресей, Иран, Қытай және Оңтүстік Корея елдерінің бірқатар әлеуетті инвесторымен келіссөздер жүргізілді. Өнеркәсіп, құрылыс, медицина, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында жалпы құны 1 трлн теңге болатын жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Маңызды ірі бастамалардың бірі – қытайлық инвесторлармен бірлесіп «Batys POWER» компаниясы газ турбиналы электр станциясының қуатын 414 МВт-қа дейін арттыру жобасы. Сонымен қатар «ZhaikPetroleum Ltd» компаниясымен жылына 130 мың тонна метанол өндіру кешенін сала бастады. Қытайдың Chengtian Runkang Pharmaceutical компаниясымен «Киік етін қайта өңдеу» жобасы, ал Чехияның «Склострой» компаниясымен «Контейнерлік шыны өндіруге арналған жабдықтар шығару» жобасы бойынша да жұмыс жүргізілуде. Ирандық «Персист-Kaзах» компаниясы өңіріміздегі «Пуш Руно» тері өңдеу зауытының жұмысын қайта жаңғыртуды қолға алды. Ресей Федерациясының «Красная звезда» компаниясы Орал қаласындағы кәріз жүйесін тазарту нысаны құрылысына жобалау жұмыстарын бастады. Аталған жобаны іске асыруға жоспарланған инвестиция көлемі 58 млрд теңгені құрайды.


