Биыл Чернобыль ардагерлеріне 540 млн теңгеден астам қаржы төленеді

0
566

Апат салдарын жоюға 32 мыңға жуық қазақстандық қатысқан.


Биыл Чернобыль ардагерлеріне 540 млн теңгеден астам қаржы төленеді

Жыл сайын, 26 сәуірде, Чернобыль атом электр станциясындағы (бұдан әрі – АЭС) 1986 жылғы апат құрбандарын еске алудың халықаралық күні атап өтіледі. 2021 жылы Қазақстанда Чернобыль ардагерлері жалпы сомасы 540,7 млн теңгеге біржолғы төлем алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Апат салдарын жоюға 32 мыңға жуық қазақстандық қатысты. Бұл адамдар ардагер ретінде танылды және әртүрлі әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі.

«Ардагерлер туралы» заңына сәйкес:

- 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысушылар жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі – ҰОС) қатысушыларына теңестірілген адамдарға;

- Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарынан мүгедек болып қалған адамдар жеңілдіктер бойынша ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдарға;

- 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысушылар «Ардагерлер туралы» заңының күші қолданылатын басқа адамдарға жатқызылды.

Қазақстанда ардагерлердің өмірін жақсартуға бағытталған шаралар жүйесі қарастырылған:

- арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу;

- тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз ету;

- жеңілдікті салық салу;

- жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақшалай немесе заттай түрде әлеуметтік көмек көрсету;

- жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін бір рет бірінші кезекте алу;

- амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда қызмет алуда басымдыққа ие болу және кезектен тыс емдеуге жату;

- білікті медициналық көмек алу;

- зейнеткерлікке шыққан кезде, ардагерлер жұмыс істеген кезде тіркелген емханаларды пайдалану құқығы;

- арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін бірінші кезекте алу;

- білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдану құқығы;

- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қабылдау квотасы;

- барлық байланыс қызметтерін кезектен тыс пайдалану құқығы, оның ішінде ғаламтор мен телефонды бірінші кезекте орнатқызу және тағы басқалар.

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – АМЖ) ардагерлерге өзге әлеуметтік төлемдерге қарамастан төленеді. Жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін АМЖ мөлшері 6,19 айлық есептік көрсеткішті (бұдан әрі – АЕК) құрайды (2021 жылы – 18 056 теңге), жеңілдіктер бойынша ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін – 7,55 АЕК (2021 жылы – 22 024 теңге).

«Ардагерлер туралы» заңын қабылдау барысында 1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысушылар үшін әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілгенін атап өткен жөн. Ардагерлердің осы санаты үшін АМЖ мөлшері 2,13 АЕК-тен 4,8 АЕК-ке дейін (2021 жылы- 14 002 теңге) арттырылды.

Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарынан мүгедек болып қалған адамдарға АМЖ-мен қатар, күнкөріс деңгейі мен мүгедектік тобына, себебіне қарай мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты өсетін ең төменгі күнкөріс деңгейі аясында көтеріліп отырады.

Ардагерлерге стационарлық медициналық көмек ҰОС мүгедектері мен ардагерлеріне арналған 2 мамандандырылған республикалық госпиталь қабырғасында (Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында) көрсетіледі.

Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар Чернобыль апатының құрбандарын еске алу күніне (26 Сәуір) немесе басқа күндерге (9 мамыр –Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне) орай әлеуметтік көмек көрсетеді.

2021 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6 055 Чернобыль ардагеріне 5 АЕК-тен (14 585 теңге) 70 АЕК-ке дейін (204 190 теңге) 540,7 млн теңге сомасында әлеуметтік көмек көрсету көзделген. Әлеуметтік көмектің мөлшері қазына мүмкіндігіне қарай жергілікті өкілетті органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша әрбір өңірде жеке белгіленеді.

Мәселен, келесі өңірлерде, Чернобыль ардагерлері біржолғы көмек алады:

– 2021 жылдың 26 сәуіріне қарай - Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар (ішінара), Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында;

– 2021 жылғы 9 мамырға - Ақтөбе, Маңғыстау және Павлодар облыстарында және Алматы қаласында.

Қостанай облысында Чернобыль ардагерлеріне (74 адам) ай сайын 3 АЕК (2021 жылы - 8751теңге) мөлшерінде көмек көрсетіледі.