Биыл елімізде қандай мамандықтарға сұраныс артты

0
907

Министрлік қазіргі уақытта жұмысшы тапшы мамандықтарға сараптама жасап жатыр.


Биыл елімізде қандай мамандықтарға сұраныс артты

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов елімізде қандай мамандықтарға сұраныс артқанын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.


«Бүгінгі таңда еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Яғни, 449 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Бізде электронды еңбек биржасы бар. Соған сараптама жүргізіп отырамыз. Мамандықтарға сұраныс әртүрлі болып келеді. Мәселен, осы жылдың басында құрылысшыларға, қызмет көрсету саласы қызметкерлеріне 65 мың сұраныс болса, қазір егін егу маусымына байланысты ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс артып тұр. Дәрігерлерге, онлайн форматта жұмыс істейтін ІТ-мамандарына да сұраныс басым», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.


Оның атап өтуінше, министрлік қазіргі уақытта жұмысшы тапшы мамандықтарға сараптама жасап жатыр. Оның қорытындысында алдағы уақыттағы оқыту курстары сол мамандықтар бойынша жүргізіледі.


«Қажетті мамандықтар атласын жасадық. Тек бізде емес, басқа да мемлекеттерде қандай өзгерістер болып жатқанын зерделедік. Өйткені, еңбек нарығы жылжымалы болып келеді. Отандастарымыз шетелге барып, шетелдіктер бізге келіп жұмыс істеп жатыр. Сондықтан болашақта қандай мамандықтар болмайтындығына, қандай мамандықтар трансформацияға ұшырайтындығына, қандай мамандықтар сұраныста болатындығына сараптама жасадық. Қорытындысында 239 жаңа мамандық пайда болып, 95-і трансформацияға ұшырады», - деді Ержан Біржанов.